Астанада Tesla тізгіндеген 14 жастағы жасөспірім полициядан қашып кетпек болған (видео)

Астанада Tesla көлігін жүргізген 14 жастағы жасөспірім жол ережесін өрескел бұзып, полициядан қашып кетпек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция департаментінің мәліметінше, көліктің жол ережесін бұзып келе жатқаны жедел басқару орталығының камералары арқылы анықталған.
“Астанада полиция қызметкерлері 14 жастағы жасөспірім жүргізген көлікті тоқтатты. Ол жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған. Жасөспірім полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қашуға әрекет жасаған. Көлікте оның кәмелетке толмаған досы да болған”, – делінген полиция хабарламасында.
Артынша биыл наурыз айында дәл осы көліктің бірнеше рет жол ережесін бұзғаны, соның ішінде қауіпті маневр жасау деректері тіркелгені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару және жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті жүргізуге беру деректері бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімдеді. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасы өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Полиция жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу ауыр заңбұзушылық екенін және қоршаған адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел жүргізуші куәлігі жоқ жігітті қуған полицейлерге кедергі жасағаны туралы жазған едік. Атырау облысы Исатай ауданында 18 жастағы жігіт Lada Priora көлігімен полициядан қашқан. 57 жастағы әйел полицияның жолын бөгеп, қақпаны жапқаны үшін жауапқа тартылды.