Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қуаты 700 МВт болатын газ қазандығы салынды

Елордада ірі энергетикалық нысан – "Тұран" газ қазандығының құрылысы аяқталып қалды. Ол Астананың жаңа аудандарын тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. 

Жаңа нысанның қуаты – 700 МВт (немесе 602 Гкал/сағ). Бұл шамамен 225 мың тұрғынды жылы және ыстық сумен қамтамасыз етуге жетеді. Жобаны "BCN Group" ЖШС (Bazis Construction) компаниясы жүзеге асыруда. 

"Мұндай қуатты газ қазандығы Қазақстанда алғаш рет салынып отыр. Бұрын мұндай көлемдегі жылу беруді тек көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО қамтамасыз ететін еді", — деді BAZIS компаниялар тобының негізін қалаушы Александр Белович.

Жобаның басты артықшылығының бірі – қазандықтың экологияға зиян келтірмеуінде. Мұнда азот тотығы мен улы газ шығарындылары қолданыстағы стандарттардан 3-5 есеге төмен. Ал санитарлық-қорғау аймағы көмір станцияларымен салыстырғанда үш есеге аз. Бұл мұндай нысандарды тұрғын үй аумағына жақын орналастыруға мүмкіндік береді.

Газ қазандығы алғаш рет екі жылыту маусымын өткізіп тастағанына қарамастан, объект ішіндегі тазалық сол күйде сақталған. Шаң мүлдем жоқ және үнемі тазалауды қажет етпейді. Мұны тіпті жоғары технологиялық мәдениеті бар объектілердегі  жағдайлармен салыстыруға болады. 

"Тұран" қазандығының архитектурасы көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ға қарағанда пайдалырақ көрінеді. Ғимарат өнеркәсіптік нысанға емес, керісінше заманауи кеңсе ғимаратына ұқсайды. Бұл ретте оның алып жатқан жер аумағының ауданы әдеттегі станцияларға қарағанда бірнеше есеге аз. Одан бөлек, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-мен салыстырғанда мұндай қазандықтардың құрылысына 2-3 есе аз уақыт кетеді және үлкен салымдарды қажет етпейді.

"Астанада салынған газ қазандықтарының болашағы зор әрі көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-мен салыстырғанда артықшылығы көп екеніне сенеміз. Газ тасымалдау инфрақұрылымы дамыған сайын, дәл осындай нысандар бүкіл елді жылу мен ыстық сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болады. Мұндай қазандықтардың құрылысы Қазақстанның энергетикасын дамытуда елеулі мүмкіндіктерді береді. 

Қазіргі уақытта жабдықтарды шығаратын жетекші неміс өндірушілерімен серіктестікке қол жеткіздік. Қажет болған жағдайда мұндай объектілерге арналған қазандықтар өндірісі тікелей еліміздің аумағында орналасуы мүмкін. Бұл бүкіл ел аймақтарына осындай газ қазандықтарын жедел түрде орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің импортқа тәуелді болмауы үшін жасалатын маңызды қадам", - деп толықтырды Александр Белович. 

"Тұран" газ қазандығында жұмысты басқару процестері заманауи автоматтандырылған. Өзімен қуаттылығы жағынан ұқсас көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-да бір ауысымда 100-120 адам қызмет көрсететін болса, мұнда оларды 2 қызметкерге дейін қысқартуға мүмкіндік бар. Тіпті қажет болған жағдайда жұмысшылардан толығымен бас тартып, станцияны диспетчерлік пункттен қашықтан басқаруға болады. Сонымен қатар, қазандық жоғары тиімділік коэффициентіне ие және икемділігімен ерекшеленеді. Мұнда жұмысты іске қосу мен тоқтату  бірнеше минут ішінде орындалады.

Қазір жобаның дайындығы 98%-дан асады. Құрылысты аяқтау 2025 жылдың маусымына жоспарланған. Іске асырудың жалпы мерзімі екі жарым жылды, ал инвестиция көлемі 64,3 миллиард теңге болды.

Жоба аяқталғаннан кейін "BCN Group" ЖШС ("Bazis Construction") объектіні зерттеп, ел өңірлерінде осындай шешімдерді одан әрі енгізу мақсатында бейінді жобалық институттарына, сондай-ақ Қазақстан қалаларында жылумен жабдықтауға жауапты әкімдіктер мен министрліктердің Энергетика басқармаларының басшыларына экскурсиялар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Талқылау