Қазақстандық қыз мұрын қалқасын түзетемін деп операция жасатып, комаға түсіп қалған

Фото: istockphoto
Астанада риносептопластикадан кейін комаға түскен қыздың оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанайлық 22 жастағы Гүлжан Астанадағы жеке клиникалардың бірінде мұрын қалқасын түзету бойынша жоспарлы ота жасатқан. Бірақ отадан кейін бірден жағдайы күрт нашарлап, ол 28 сәуірден бері комада жатыр. Операцияны 5 жыл тәжірибесі бар хирург пен 24 жылдық өтілі бар анестезиолог жүргізген.
Пациент отадан кейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына (ҰШМҮО) ауыр халде жеткізілген. Қазір ол жеке реабилитациялық орталықта ем қабылдап жатыр, бірақ жағдайы ауыр.
Қыздың әкесі Серік Баекиннің айтуынша, клиника бастапқыда олармен келісімге келіп, полицияға арыз жазбауға көндіру үшін емдеу ақысын төлеуді ұсынған. Алайда, нақты көмекті көрмеген соң, әкесі полицияға шағым түсірген.
"Клиника бізбен "келісейік" деді. Бірақ нақты көмекті көрмедік. Сондықтан полицияға арыз жаздым. Олар реанимация үшін көп ақша жұмсадық деді. Бірақ бұл себеп емес", – деді қыздың әкесі.
Кейін клиника қыз бен анасын жатқызуға төлем жасағанымен, дәрі-дәрмек, бинт, йод сияқты заттарды отбасы өздері сатып алуға мәжбүр болған. Серік Баекиннің сөзінше, медициналық есептерде қызға салынған наркоздың мөлшері көрсетілмеген. Ал дәрігерлер болса асыққаннан наркоз мөлшері жазылмағанын айтып түсіндірді.
15 тамызда ҰШМҮО Гүлжанның отбасына емдеу келісімшартының тоқтатылатынын және оны шығаратынын хабарлаған. Кейін басқа ауруханалар да оны қабылдаудан бас тартқан.
"Астанадағы бір клиникаға бардым. Нейрохирург есеп қағазын көріп: “Бұл жағдайды бүкіл қала біледі, көмектесе алмаймын" деді", – дейді әкесі.
Соңында Гүлжанды тек жағдайының ауырлығын түсінетіндігі туралы қолхатпен ғана жеке орталық қабылдаған. Ол 20 тамыздан бастап ұзақ реабилитация курсынан өтіп жатыр. Әкесі қызының жағдайы өте ауыр болғанымен, баяу болса да оңалуға бағыт бар екенін айтты:
"Бұрын тек зонд арқылы қоректенетін. Қазір қасықпен тамақ беруге тырысып жатырмыз. Әлі сөйлей алмайды, қозғала алмайды. Бірақ бұрынғыдай тырысу, жылау азайды. Жақында су беріп, ауызын шайқа дедім. Түсінді, орындады. Демек, біртіндеп есін жиып келе жатқан сияқты. Бізге реабилитация ауадай қажет", – деді ол.
Серік Баекин қызының отасы туралы тек кейін білгенін айтты. Қызы сенім білдірген тұлға ретінде үлкен әпкесінің нөмірін көрсеткен. Сол хабар берген соң, ерлі-зайыпты 29 сәуірде шұғыл түрде Астанаға келген.
"Гүлжан – өте мақсатшыл қыз. Астанада оқып, логопед-дефектолог мамандығы бойынша диплом алуы керек еді. Қазір соңғы ақшама 300 мың теңгенің дәрісін сатып алып жүрмін. Туыстар мен әріптестерім көмектесіп жатыр. Өзім қарапайым жұмысшымын", – деді әкесі.
Астана қаласы Нұра аудандық полиция басқармасы бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
“Медициналық қызметтің талапқа сай көрсетілмеу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деді полиция департаменті.
Бұған дейін Астана қаласы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл жағдайға байланысты науқастың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды анықтау үшін тәуелсіз сараптама комиссиясы тағайындалғанын растады.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік