Астанада көл үстіне ағайынды Сатыбалдылар бетон зауытын салып жатыр – Экобелсенділер шағым білдіріп, дабыл қақты
Фото: Видеодан скрин
Астанада экобелсенділер Талдыкөл көлінің дәл үстіне бетон зауыты салынып жатқанын айтып, дабыл қақты. Олардың айтуынша, нысан заңсыз тұрғызылып жатыр. Оның үстіне бұл жер Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының туыстарына тиесілі екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Atameken Business арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғам белсенділері құрылыс алаңы болашақта шаң мен лас қалдықтың көзіне айналып, қаланың экологиясына кері әсер ете ме деп қауіптеніп отыр.
“Соңғы жылдары Талдыкөл көлінде не істелмеді десеңізші. Оны топырақпен көміп, қоқыспен ластап, суын тартып, айналасына тұрғын үй салып, толтырып жатыр. Мұның бәрі заңсыз. Бұған дейін сот шешімі шыққан. Бірақ бұл жолы жағдай өзгеше. Бетон зауыты көлдің тура үстіне салынып жатыр. Бұл кіші Талдыкөл көлінің тоғызыншы учаскесі. Жобаның ауқымы қазір біраз кеңіген. Ол аймаққа бетон араластырғыш торап, цемент сақтайтын силостар, баспалдақтар орнатылған. Ал аумаққа құм мен тас төселіп қойған", – дейді SOS Taldykol ұйымының сарапшысы Руслан Оразалиева.
Экобелсенділердің айтуынша, бұл құрылыс учаскесі "Nomad Stroy" компаниясына тиесілі. Ал ол өз кезегінде SAT-NS құрылыс компаниясының еншілес ұйымы. Бұл жердің мақсатты пайдаланылуы индустриялық нысан үшін емес, яғни заңға қайшы.
"Құжаттарда бұл жер өнеркәсіптік мақсатта берілмеген. Бізде ешқандай рұқсат құжаттар табылмады", – дейді сарапшы Оразалиев.
Жария кадастр картасына сәйкес, жер телімі Nomad Stroy" компаниясына тиесілі. Ал ADATO сервисіндегі деректерге сүйенсек, компания иесі Мұхтар Сатыбалды. Ол Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының туған ағасы. Компания SAT-NS құрылыс ұйымының еншілес құрылымы. Ал оның құрылтайшысы тағы туыс, Ғабит Сатыбалды. Ағайынды Сатыбалды мырзалар бұл жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірмеген.
Құрылыс орнында жүрген жұмысшылардың өздері де мұнда бетон өндіріледі деп ашық айтқан.
Экобелсенді Руслан Оразалиевтің айтуынша, болашақта бұл маңда жаңа тұрғын үй кешендері пайда болуы мүмкін. Ал бетон жасау үшін су керек. Бұған дейін SAT-NS бесінші учаскеден су тартқан, бұл жолы да су тікелей көлден алынуы мүмкін.
"Көлге қалдық бетон, тұрмыстық және құрылыс қоқыстары, жанар-жағармайдың төгілу қаупі бар. Аймақ ешқандай қоршаумен жабылмаған, күзет жоқ, ескерту белгілері де орнатылмаған. Бұл су қоймасына зиян", – дейді сарапшылар.
Аталған жағдайдан қаланың барлық басқармалары, полиция, экология департаменті және бассейндік инспекция хабардар. Белсенділердің сөзінше, олар жуырда Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке де жүгінген. Әкім мәселені шешемін деп уәде берген.
Бірақ бұған дейін де SAT-NS компаниясы 2021 жылы Кіші Талдыкөл көлдер жүйесін заңсыз көміп, суын тартқан. Ол кезде бұл жағдайды Экология министрлігі ресми түрде растаған, алайда компания ешқандай жауапкершілікке тартылмаған.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
