Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қыста автокөліктерді 10 минут қыздыруға рұқсат берілмек

Астанада қыс мезгілінде автокөліктерді 10 минут жылытуға рұқсат берілмек

Фото: depositphotos.com

Астанада қыс мезгілінде автокөліктерді 10 минутқа дейін жылытуға рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы “Астана жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы” ЖШС-ның құқықтық бөлімінің басшысы Шыңғыс Құсаинов хабарлады.

Орталық жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын қоғамдық кеңестің қарауына ұсынған, алайда құжат әлі келісілмеген.

“Қазір жол қозғалысы ережелерінде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көліктің тұрақта тұру уақыты реттелмеген. Өткен жылы әлеуметтік желілерде бұл тақырып жиі талқыланды. Жүргізушілерге көлікті ұзақ жылытқаны үшін айыппұл салынған жағдайлар болды. Сол себепті біз көлікті қыс мезгілінде жылыту уақытын 10 минутпен шектеуді ұйғардық. Ал жаз мезгілінде бұрынғыдай 5 минут болып қала береді”, – деді Шыңғыс Құсаинов.

Қоғамдық кеңес пен мәслихат бұл өзгерістерді мақұлдаса, жаңа ережелер келесі жылы күшіне енеді.

Құсаиновтың айтуынша, тұрғын үй аулаларында көлікті жылытуға бұрынғыдай тыйым салынады.

Еске салсақ, Қазақстандықтарға тұрғын үй аулаларында автокөліктің қозғалтқышын 5 минуттан артық жылытуға тыйым салынған. 2025 жылдың қаңтар айында бұл ережені бұзғандарға 5 АЕК (19,6 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (39,3 мың теңге) болатыны айтылған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 20:16