Астанада ит қауып алған тұрғын оның иесін сотқа беріп 1 миллион теңге талап етті
Фото: pixabay.com
Астанада питбультерьер иті шабуылдаған тұрғын оның иесін сотқа беріп, 1 миллион теңге талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істі Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады. Деректерге сүйенсек, оқиға 2024 жылдың жазында болған. Тұрғын иттің тістеуінен дене жарақатын алған. Ол өзінің ұзақ емделген, құтыруға қарсы вакцинация курсын алып, ауыр эмоциялық күйзеліске ұшырағанын айтты. Мәлімделген моральдық зиян сомасы – 1 млн теңге.
Алайда иттің иесі тұрғынның өзі жануарға арандатушылық жасағанын түсіндірді. Ол талапты мойындамай, зиянды өтеу үшін материалдық мүмкіндігінің жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ жауапкер оқиға болған сәттен бастап 6 айдан астам уақыт өткенін көрсетті.
“Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты азамат С-ның талап қоюы бойынша питбультерьер итінің шабуылы нәтижесінде келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы жауапкер П-ға қатысты істі қарады. Сот процесінде медициналық құжаттармен, фотосуреттермен, бейнежазбалармен және айғақтармен расталған мәліметтерге сәйкес, талап қоюшыны итті бірнеше рет тістеп алғаны анықталды.
Сот парасат пен әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын, талап қоюшының эмоциялық азап шегу дәрежесін, сондай-ақ жауапкердің өкінбеуін ескерді. Талап қоюшының моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылды”, – делінген сот хабарламасында.
Шешім заңды күшіне енді. Жауапкер бұған дейін де итті тұмсық торсыз серуендеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тиімді бағада шоппинг, түнгі круиз және ғибадатханалар: Қазақстандықтар Гуанчжоуда қайда саяхаттай алады
