Астанада ипподромды 200 мыңға сатып, кейін 7 миллиардқа басқа біреуін сатып алған – Депутат
Фото: Freepik.com
Астанада ипподром небәрі 200 мың теңгеге сатылған. Кейін оның орнына басқа ипподромды сатып алуға бюджеттен 7 миллиард теңге жұмсалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана мәслихатының сессиясында депутат Владислав Сергеев 2016 жылы "Тұлпар" ат спорты кешені аукционда 200 мың теңгеге сатылғанын еске салды.
"Осыдан кейін бұрынғы шақырылымда жаңа "Арғымақ" кешенін қомақты сома — 7 миллиард теңгеге сатып алу мәселесімен бізге жүгінді. Оған кейбір депутаттар, соның ішінде менің де қарсы болғаныма қарамастан, шешім көпшілік дауыспен қабылданды", – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазір кешенді сенімгерлік басқаруға беру мәселесі талқыланып жатыр.
"Өкінішке қарай, мемлекет қаржысына салынған нысандарды жеке компанияларға беру тәжірибесі балаларымыздан пайда табуға әкеледі, мейлі ол бассейн, мейлі ат терапиясы болсын. Бастапқыда балалар тегін қатыса алады деп айтылғанымен, шын мәнінде қамқоршылар өздерінің қаржылық моделін құра бастады. Бұл схеманың тиімділігін қайта қарау керек", – деді депутат.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов сенімгерлік басқарушы қалай жұмыс істейді деген сауалдың да бар екенін атап өтті.
"Оны басқаратын компаниямен кездесу ұйымдастыру керек. Олар қалай жұмыс істейтінін түсіндірсін. Мен де бұл талқылауға қатысуға дайынмын", – деді әкімдіктің орынбасары.
Осы мәселені қадағалайтын әкімдік өкілінің айтуынша, кешенді беру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Талқылауды қорытындылай келе, Владислав Сергеев “Арғымақ” жағдайындағы ең маңыздысы нысанның әлеуметтік миссиясын сақтау екенін атап өтті.
"Бұл нақты санат – мүмкіндігі шектеулі балалар. Біз осындай қомақты қаржыға сатып алынған кешеннің мақсаты сақталып қалуына мән береміз", – деп түйіндеді ол.

Енді "Отбасы Банк" монополиясы болмайды: Ипотекалық несиелендіру реформасынан қандай жақсы өзгерістер күтеміз
