Астанада екі көпқабатты үй құлайын деп тұр
Елордадағы қос бірдей көпқабатты үй құлайын деп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі үйдің де әбден тозығы жеткен. Кірпіштері езіліп, үгітіліп қалған. Тұрғындар өздері ақша жинап, керекті заттарды сатып алып, жөндемекші болыпты. Бірақ, құрылысшылар басында келісім беріп, кейін тұра қашатын көрінеді.
“Мына кірпіштерді кладщиктер шақырғанбыз әдейі. Олар кеше шықты, қарады да, мынаны айтты мынау крышаны істемейміз. Өйткені, любой жағдайда құлап кетуі мүмкін. Даже плитаның шетіндегі кірпіштерін қолмен ұстаса үгітіліп жатыр соның бәрі. Қазір енді білмейміз кім істейді мынаны?”, – дейді қала тұрғыны Медеу Омаров.
Үйдің жертөлесінің де жағдайы мәз емес. Шатырдан аққан жаңбыр суы жертөлеге дейін жеткен.
“Бұл үйде тұру мүмкін емес. Біріншіден подвал сасиды. Уже ол деген болота болып кеткен. Бала дейміз, бала біздің болашағымыз дейміз. Бірақ қаншама бала болып, қаншама мүгедектер бар, қаншама пенсионерлер бар, қаншама жалғыз басты аналар бар”, – дейді қала тұрығыны Алтыншаш Бекетова.
Жауапты мамандар бұл жайттан хабардар. Бірақ, бұл үйлер апатты емес дейді.
“2022 жылы техникалық тексеру жасадық. Қортындысы бойынша апаттылық жағдайы 40 пайыз болды. Сонымен қатар ол апаттық тұрғын үйлердің қатарына жатпайды. Үйді апатты деп тану үшін кемінде 61 пайыз болу керек. Яғни, үйді күтіп ұстау бұл сол жердегі тұрғындардың, мүлік иелерінің міндеті болып табылады”, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Әнуар Рақыш.
Астанада 200-ден астам апатты үй бар. Оларды 2029 жылға дейін түгел бұзып, орнына заманауи талапқа сай баспаналар салу жоспарланған.