Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада басқа елдер аумағында ерлік көрсеткен ардагерлердің одағы құрылды

Астана қаласында басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан “Қарабақ, Тәжік-Ауған, Ирак” ардагерлерінің одағы орталығы құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталықтың ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Мәслихат басшысы Ерлан Каналимов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал Қайрат Үмбетов және Мәслихат депутаты Динара Оразалина қатысты. 

Есет Байкен елорда әкімдігінің қоғамдық ұйымдардың маңызын атап өтті.

"Құрметті ардагерлер! Сіздердің ерен істеріңіз – ерлік пен батырлықтың нышаны. Ерліктеріңіз – өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге. Бұл орталықтың маңызы мен мәні өте зор. Сіздер жастармен жұмыс, патриоттық тәрбие, әлеуметтік саладағы жобаларға қолдау білдіріп жатасыздар", - деді ол.

Ал Астана қаласы мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ардагерлерге Алғыс хаттар табыс етті.

"Бүгін маңызы ерекше тарихи сәтте кездесіп тұрмыз. Жергілікті ұрыс қимылдары ардагерлері одағының кеңсесінің ашылуы Астана күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Осындай бейбіт өмір сүріп отырғанымыз сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіздің арқасы деп білемін", - деді ол.

Аталған орталық 70-80 адамға арналған. Жиын өткізетін арнайы конференц-залы мен төрт қоғамдық бірлестік орналасқан. Олар, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан, Таулы Қарабақтағы жанжалды реттеуге қатысқан, Тәжік-Ауған әскери қақтығысына қатысқан Қазбат жауынгерлмері мен Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына қатысқан ардагерлер бірлестігі. 

Орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 6 мамырда қол қойған "Ардагерлер туралы" заңы аясындағы міндеттерді орындау мақсатында құрылды. Сондай-ақ ғимарат 2023 жылы қазан айында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен ардагерлерді қолдау мақсатында берілді.

Орталық басқа өңірлерде немесе Астана қаласында мәртебе ала алмай жүрген ардагерлерге мәртебе алып беруге көмектесу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жәрдем беру және өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында құрылған.

Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша онға жуық мектеп, колледж түлектерімен меморандум жасалып, олармен жұмыс істеліп жатыр. Болашақта Астана қаласы бойынша және республикалық күштік құрылымдармен меморандумға отырып, олармен бірлесіп жұмыс істеу жоспарланып отыр. 

Талқылау