Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада алаяқтарға алданған зейнеткер үш мүгедек баласымен далада қалмақ

Астана қаласының 62 жастағы тұрғыны Зәуре Тұрлыбекова алаяқтардың кесірінен баспанасынан айрылуда. Зейнеткер полиция бөлмішесінен хабарласып тұрмыз дегендерге сеніп, үш банктен несие алған. Кейін Ұлттық банктің қайтаратынына иланған кейуана солардың нұсқауымен тіпті үйін де өте арзан бағаға сатқан деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тұрғынның сөзінше, оған белгісіз біреулер хабарласып, өздерін полицияданбыз деп таныстырған. Кейін пәтерін алаяқтар құрықтамақшы екенін айтып, сол үшін арнайы операция жасалатынын жеткізген. 

“Олар маған WhatsApp желісін жақсы пайдалана алатын арнайы адам табуымды бұйырды. Мен олардың айтқандарының бәрін істедм. Кейін тіпті үш банктен несие алуымды сұрады. Ал ақшаны кейін Ұлттық банк қайтаратынын айтты”,- деді зейнеткер. 

Екі миллион несиеден кейін жалған полиция қызметкері пәтерін сатуды ұсынып, бірнеше жылжымайтын мүлік агенттігінің нөмірін берген. Нәтижесінде Астананың орталығындағы екі бөлмелі үй бар жоғы 17 650 000 теңгеге сатылған. Әйел барлық ақшаны бейтаныс адамдардың есепшотына аударған. Содан кейін алаяқтар онымен байланысын үзген. Полиция қылмыстық іс қозғады. Бірақ кейіннен тоқтатылды. Адвокаттарды жалдаған зейнеткер пәтерді сату мәмілесін жарамсыз деп тану үшін азаматтық сотқа жүгінді.

“Бұл жерде үшінші тұлғалардың алаяқтығы бар. Бірақ азаматтық соттың қарауында кінәлі тұлғалар нақты табылмағандықтан алаяқтық фактісі мүлде анықталмады. Тиісінше талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды”, – деді Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Гүлнұр Сейтхожина.



Ал тұрғынның сөзінше, телефон соққандар өздерін істі тергеп жатқан дәл осы полиция бөлімінде шынымен жұмыс істейтін қызметкерлердің аты-жөнімен таныстырған екен.

“Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Біз әлі нақтысын айта алмаймыз. Сөйлегендер күдікті адамдар қаралады. Бірақ бұл адамдар негізі шетелде. Оған ештеңе істеудің қажеті жоқ. Тек тергеудің қорытындысын күту керек”,- деді Астана қаласы ДП "Алматы" ауданы бойынша ӨҚБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Ернұр Тоқсанбаев.

Соңғы бес жылда Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қатысты 60 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Ал олардың тек 12 пайызы ғана сотқа жіберілген. Зәуре Тұрлыбекова да үш мүгедек баласымен бірге пәтерінен шығарылмақ. Оның үстіне ай сайынғы төлемі 200 мың теңгеге жуық несиелер бар.

Талқылау