Астанада 73,5 миллион теңге пара талап еткен шенеунік сотталды
Фото: freepik.com
Астанада 12,2 миллион теңге пара алған республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалының басшысына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты таратқан мәлімет бойынша, 2024 жылы ЖШС құрылтайшысы делдал арқылы мемлекеттік қызметтерді орындауға уәкілетті тұлғаға теңестірілген тұлға – республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалының директорына талап етілген 73,5 миллион теңге мөлшеріндегі параның 12,2 миллион теңгесін берген. Ондағы мақсат "Қазандық шаруашылығын пайдалану ауданының 21 қазандығын қайта құру" жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу болған.
Сот барысында сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ, алайда олардың кінәсі айғақтармен, куәлардың мәліметтерімен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорын филиалының директоры аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға, ЖШС құрылтайшысы пара беру бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екеуінің арасындағы делдалға парақорлыққа делдалдық жасау фактісі бойынша 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
