Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада 69 жастағы әйел қызын полициядан құтқару үшін алаяқтарға 16 млн теңге берген

Астанада 69 жастағы әйел қызын полиция бөлімшесінен шығарып алу үшін алаяқтарға 16 миллион теңге берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

69 жастағы әйелдің айтуынша, түн ортасында қызы үй телефонына қоңырау шалып, жылап тұрған дауыспен: "Анашым, мен жол апатына ұшырадым, мен полициядамын, мәселені шешу үшін ақша керек" дейді. Содан кейін телефон тұтқасын бір ер адам алып, өзін полицеймін деп таныстырып, әйелдің үйіне әріптесі келіп, ақшаны алып кететінін айтқан.

Белгілі болғандай, зейнеткер Меккеге қажылыққа бару үшін жинаған 16 миллион теңгесін беріп жіберген. Ақшаны беріп жіберген соң әйел полицияға хабарласқан.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында курьер ретінде келіп, әйелден ақша алып кеткен 26 жастағы ер адам анықталды. Күдікті "курьерлік" қызметі үшін жалпы соманың 10 пайызын алуға келіскенін мойындады", - делінген хабарламада.

Жедел іздестіру шаралары барысында 20 жастағы жас жігіт анықталды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

"Күдіктілер Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың Астана аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде", - деді Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Дастан Қалиев.

Талқылау