Астанада 15 жастағы жетім қыз құрдасынан бала тауып, аналар үйін паналап отыр
Елімізде мектеп қабырғасында жүріп, жүкті болатын қыздар қатары артқан. Мәселен, 2017 жылы елорданың өзінде олардың саны 14 пайызға өсіпті. 15 жаста етегі ашылып, бала сүйген бойжеткеннің тағдырына кім кінәлі? Кәмелет жасына толмаған қаракөздеріміз неге эротикалық шабуылға ұшырауда? Мәселемен қалай күреспек керек? Мамандардың пікірі қандай?
Бұл туралы “Еуразия” арнасының жаңалықтар қызметі хабарлады.
Бүгінде «елдің көркі болады» деп жүрген кей қыздарымыз, үлкендерді ұятқа қалдырып, керісінше қара бет қылып жүр. Әсілінде нәзіктігі мен пәктікті, инабаттылығымен ерекшеленетін қазақ қызы болмысынан арылды. Неге десеңіз бесіктен белі шықпай, ана болып отыр.
Тек Астанада қазір 2 «Аналар үйі» бар. Онда жалпы саны 25 келіншек баласымен тұрып жатыр екен. Ең жасы 15 жастағы Мария есімді қыз.
«Менің ата-анам жоқ. Анам 8 жыл бұрын дүниеден өткен. Әкем есімде жоқ. Жігітімнің де ата-анасы жоқ десе болады. Анасы қайтыс болған. Әкесімен бірге тұрмайды. Ал, менің қамқоршым тәтем болды», – дейді жас ана Мария.
Марияның айтуынша, тәтесі оған ақыл айтып, үйретпеген. Тек қорқытып өсірді дейді жас ана.
Дүние есігін ашқанына 40 күн ғана болған Руслан есімді сәбидің анасы өзінен 15 жасқа ғана үлкен. Қазір олар «Аналар үйін» пана етуде. Бірақ, Мария кәмелет жасқа жеткеннен кейін баланы әкесімен бірге бағамыз деп отыр.
Мамандардың пікірінше 15 пен 25 жас аралығы эротикалық шабуылдың белең алатын уақыты. Сондықтан, құмарлық пен махаббаттың аражігін ажырата алмай, шалыс басып жатады. Гинекологтар сол үшін де, қоғам болып, қызды да, ұлды да қоса тәрбиелеуіміз керек дейді.
«Кейде жас аналар мен әкелер ондайды айтуға ұялып, батпайтын болар. Сондықтан, жалған ұят кей жағдайда арты жалған болып шығады. Сондықтан, үлкен әжелері, апалары болса, осындай әңгімені айтып, балалар тәрбиені дұрыс көреді»”, – дейді гинеколог маман Талшын Үкібасова.
Ал, айтыскер ақын Аманжол Әлтай мәселенің түбі қазақы қалыптан алыстауымызда, дейді.
«Байқайсыздар ма, мынау аласапыран қала тіршілігінде ата-ана балаға мүлде көңіл бөлмей жатады. Оған уақыты да жоқ. Баланың жаман әдеттен құлағын, көзін тыю керек. Бұл күнделікті жаңағы ақпараттың заманы ғой. Интернет арқылы сондай бір қатыгездікке, хайуандыққа жетелейтін жаман дүниелер мен ақпаратты сіңіріп өскен баладан қандай дені сау, рухани болмысы сау баланы күтеміз?!» – дейді ақын.
«Қызға қырық үйден тыйым». Әсілінде әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан, одан соң мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз. Сондықтан да, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол − үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс.