Астана Опера жұлдыздары қарағандылық кеншілерге арнап италиялық маэстроның туындасын сахналады
Опера – театр, поэзия, музыканы біріктіретін ерекше өнер түрі. Ал рухани тұрғыдан алсақ, классикалық саф таза өнер. Оны киелі сахнадан үздік қойылым тамашалағанның бәрі жан-тәнімен сезіне алады. Әлемдік ірі театрлардан кем түспейтін Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры бұл жолы да талғампаз тыңдармандарды таңдай қақтырып, ерекше сезімге бөледі.
Елордалық балет труппасы Арқа жеріне ат басын тіреп, К.Станиславский атындағы облыстық драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Қарағанды гастрольдік турдың үшінші қаласы. Бұған дейін іргелі ұжым Павлодар, Екібастұз қалаларында болған. Бағдарламада театр жас көрермендер үшін «Музыка әлемі» бағдарламасын және ересектерге арналған италиялық композитор Джоаккино Россинидің «Жібек саты» атты бір актілі опера-фарсын жұрт назарына ұсынды.
Айта кетсек, танымал астаналық опера театрының гастрольдік сапар ұйымдастыруына ERG арқау болып отыр. Қазақстанның әр аймағында өткізіліп жатқан өнер қойылымының негізгі көрермендері кеншілер болуда. Павлодар қаласынан бастау алған Astana Opera-ның гастрольдік сапары Қарағандыда жалғасын тапты. Алдағы уақытта балет труппасы Рудный мен Ақтөбеде өнер көрсетеді.
Бір актілі опера-фарс – XVIII ғасырда өмір сүріп, 39 опера жазған атақты итальяндық композитор Джоаккино Россинидің ең үздік шығармаларының бірі. «Жібек сатының» тұсаукесері 210 жыл бұрын – 1812 жылғы 9 мамырда Венециядағы «Сан-Моизе» театрында, Astana Opera-да – 2019 жылғы сәуірде өтті.
Жарқын әзіл-сықақ пен әртістердің импровизациясы Россиниге тән вокалдық және аспаптық партиялармен шебер үйлесім тапқан. Россини бұл шығарма арқылы жас ғашықтардың сезімталдығын, олардың арасындағы махаббат жалыны мен тапқырлықты мадақтайды.
Шымылдық ашылған сәттен-ақ талантты әртістердің вокалдық шеберлігі, тартымды сюжеті көрермендерді ғажайып әлемге жетелей жөнелді.Жалпы тыңнан түрен салған шығарма жас ханым Джулияның өмірі туралы.Оның қамқоршысы Дормонт Джулияны бай-бақуат Бланзак есімді серіге күйеуге беруді жоспарлап отырады. Бірақ, Бланзак болашақ жарының Дорвильмен жасырын түрде үйленгенін білмейді. Ерлі-зайыптылар Дорвиль мен Джулияның жасырын, түнгі уақытта кездесіп жүреді. Дорвиль әр кеш сайын ғашығының бөлмесіне Жібек сатымен көтеріледі. Ал, Джулияның бөле әпкесі Лючилла болашақ күйеу Бланзакқа ғашық. Осындай қызықты сюжетке қойылған комедияда кейіпкерлер түрлі күлкілі жағдайға тап болады. Қойылымның шарықтау шегінде әркім өз ғашығына қол жеткізіп, бақытқа кенеледі. Қамқоршысы екі қыздың қалауына қарсы келмей батасын береді. Қойылым итальян тілінде болғанына қарамастан, көрермен назарын бірден баурап алды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиновтың сүйемелдеумен Astana Opera симфониялық оркестрі орындаған сазды әуен де қойылымның ажарын аша түсті. Абзал Мұхитдинов бұл шығарманы Джоаккино Россини 18-20 жасында жазған дейді. Музыкалық туынды қысқа әрі шағын. Сахнада тек алты солист өнер көрсетсе, оркестрде 22 адам бар.
“Жалпы, “Жібек саты” операсының кейбір орындаушылық күрделігіне қарамастан, көрермен қауым оны жеңіл қабылдайды. Бұл тақырып өмір шындығы көрерменді бей-жай қалдырмасы анық. Екіншіден, басынан аяғына дейін біз күлкілі оқиғаның дамуын көреміз, ал шарықтау шегіне жеткенде барлығы бақытты және көңілді. Аталмыш опера туындысының міндеті – адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Соған қарамастан, сахнада әзілді көрсету өте қиын, сондықтан әртістерде міндетті түрде актерлік білім мен қабілет болуы шарт. Солистердің көрерменге қуаныш пен шаттықты жеткізе білуі өз алдына, итальян тілін білмейтін тыңдарман сахнада не болып жатқанын олардың ишарасынан, актерлік қабілетінен түсіне алуы тиіс. Ең бастысы, көрермен ғажап туындыдан ләззат ала алса, қойылым өз мақсатына жетті деп есептеймін”, – деп бөлісті маэстро.
Спектакльдегі басты кейіпкер Джулияның партиясын опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Үлкен опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова орындады. Джулияның ғашығы Дорвильді Артур Габдиев ойнады. Руслан Совет көрерменге Дормонт рөлінде шықса, Алтынбек Әбілда Джерманоның кейпін сомдап шықты. Бланзак пен Лючилланы опера әншілері Евгений Чайников пен Татьяна Вицинская сахналады. Әртістер қарағандылық тыңдарманның ықыласына тәнті болғанын айтады.
“Мен кеншілер өлкесіне келгеніме өте қуаныштымын. Бұл қалаға жеке шығармашылық концертпен де келгенім бар. Мәдениетті, әсіресе классикалық музыканы аса жоғары бағалайтын тыңдарманның қарасы қалың. Өйткені, көрермендер мұндай спектакльдерді сағынған. Мұны қарағандылық көрерменнің бізді жылы қабылдауынан аңғардық”, – деп атап өтті Евгений Чайников.
Осылайша, көптен күткен классикалық өнердің жаһар туындысы көзі қарақты көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Рухани ләззат сыйлады. Жібек сатымен көтерілген жақұт махаббат жүрекке жетті.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
