Астана маңында зираттарды сүріп, орнына көп қабатты үй салмақ деп тұрғындар дабыл қақты
Елордада бейіт қасынан құрылыс салынуда. Мұндай ғимарат тұрғындардың шамына тиіп жатыр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сюжеттен скриншот
Ата-баба аруағының тыныштығына алаңдаған тұрғындар наразылық білдірді. Олардың айтуынша құрылыс компаниялары зираттардың құлпытасын орнынан қозғап, тұрғын үй салмақшы болған.
Кеңес үкіметі кезінде бұл жерде сүт өнімдерін шығаратын 500 үйлі ауқымды ауыл болған. 1964 жылы Брежневтің бұйрығымен ауыл басқа жерге қоныс аударған.
Жиырмасыншы ғасырда таратылған Талдыкөл ауылында үш қорым бар. Қазір бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлер сол бейіттердің жанына жақындап қалған.
“2014 жылы елу жылдық жасап, құдайы ас беріп жатқанда, түріктер жарты зиратты ысырып тастап, брикет сынды бірнәрсе жасап, зиратты бұзып тастапты. Тастарының бәрін алып тастапты. Содан кейін халық айқай шу шығарғаннан кейін қайтадан тастарды жуып орындарына қойып, зиратты қоршады”, – деді қала тұрғыны Ғабит Анасұлы.
“Ресейдің қалың орманында тұтқында болған жапон жауынгерлері сол жақтан қашып шығып, осында келген, біздің жерде жерленген. Соның зираттарын баптап жанына адам таптатқызбай, байқап, қандастарымыз күткен. Алпыс жылдан кейін бір ғалым келіп әкесінің басына тағзым еткен екен”, – деді тұрғын Алтынай Ермекбайқызы.
Тұрғындар әкімшіліктен бейіттерді қоршап беруін сұрап отыр. Себебі сыртында айналма тордан басқа ештеңе жоқ. Құрылысқа жауапты қалалық әкімдіктегі мамандар зираттарға төніп тұрған айтарлықтай қауіп жоқ екенін түсіндірді.
“Зираттардың аумағында құрылыс салынбайды. Олардың учаскелері тек қана абаттандырылады. Зираттың өзінің санитарлық қорғау зонасы болады. Ол тұрғын үйлерден кем дегенде елу метрде орналасуы қажет. Осы елу метрлік диаметрде басқа ғимараттар болуы мүмкін. Мысалға техникалық қызмет көрсету станциясы. Бірақ та тұрғын үйлер салынбау керек”, – деп мәлімдеді Есіл ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы Нұрәділ Ғалымжан.
Бұрынғы Талдыкөл, қазіргі Жағалау шағын ауданы тұрғындары осы мәселені айтып, әкімшілікке хаттамада жолдапты. Олар маусым айының үші күні ата-бабаларына құран оқытып, ас береді. Осы асқа Астана қаласының әкіміне шақырту жіберген. Егер әкім келсе, бейіттер маңындағы құрылыс жайлы мәмілеге келмек.