Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сырттай сотталған Astana LRT компаниясының экс-басшысы апелляциялық шағымда жеңіліп қалды

Астана соты Astana LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданның ауыр салдарға алып келген қызметтік өкілеттілікті теріс пайдаланды деген айыбымен апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Astana LRT

Астана соттарының дерегіне сенсек, елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 11 қарашадағы үкімімен Талғат Ардан ауыр салдарға алып келген қызметтiк өкiлеттiктерiн қызмет мүдделерiне қайшы пайдалану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды (сырттай).

Айыпталушы Талғат Ардан бұрын 2023 жылғы 3 мамырдағы үкіммен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған. 

"Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқара отырып, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлға бола отырып, LRT құрылысы жөніндегі жобаны іске асыруды бұзған. Соңында бұрын Қытайдың мемлекеттік даму банкінен алынған 257,6 миллион долларын, яғни 85,9 миллиард теңгеге баламалы (Ұлттық банктің 2016 жылғы желтоқсандағы валюталардың ресми бағамына сәйкес) "Астана LRT" ЖШС қайтармаған және ол тиісінше нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған", – делінген соттың хабарламасында.

Осылайша, сотталушы қызмет мүдделеріне қайшы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, нәтижесінде оның заңсыз әрекеттері "City transportation systems" ЖШС-не аса ірі мөлшерде, яғни 85,9 миллиард теңге сомаға материалдық залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соқтырды.

Сот үкімімен келіспеген сотталушының адвокаты апелляциялық шағым түсіріп, оны ақтауды сұрады. Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Өйткені сотталғанның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да материалдармен дәлелденді. Сот актісі заңды күшіне енді.



Еске салсақ, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықаралық іздеу жарияланған Astana LRT ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Арданды тергеуге шақырған еді. Алайда ол тергеуге келмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талғат Арданды іздеу және экстрадициялау жұмыстары туралы есеп беріп, Талғат Арданның қайда екені анықталмағанын мәлімдеген еді. 

Талқылау