«Астана-Көкшетау» тас жолында ер адамның ерлікпен ажал құшқаны белгілі болды
4 желтоқсан күні “Астана-Көкшетау” тас жолында болған аса ірі жол апатынан 4 бірдей адам қаза тауып, 3 жастағы Данил ғана аман қалған еді. Алайда сол кезде зардап шеккендерді құтқарамын деп жүріп, көлік қағып кетіп қаза болған кісі туралы ақпарат та бүгін пайда болып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Рахымбек Мүбәракұлының айтуынша, үш жолаушысы қаза болған көліктің иесі Ерлан Сұлтанов, тас жолдың бойында ерлікпен қаза тапқан Құмарбек Жәкетайұлын жерлеу рәсіміне келіпті.
4 желтоқсан күні 100 шақты көлік Бурабай ауданы, Жаңажол ауылындағы жерлеу рәсімінен қайтып келе жатады. Алдыңғы лектегі Kia Rio көлігіне “Ниссан” маркалы көлік соғады. Әлгі соққан көлік иесі көлікті жолдың шетіне шығару үшін сол жерде тұрғандардан көмек сұрайды. Kia Rio-ның жүргізушісі мен тағы бір адам көлікті итеріп жатқан кезде, оларға келіп шымкенттік автобус соққан. Осы кезде жеңіл көлік ішінде отырған үш жолаушы жарақат алады.
Осы кезде Құмарбек асқа бара жатқан көлік ішінен түсіп, соғылған көліктің қасына келіп көмектесуге кіріседі. Әуелі терезені сындырып, үш жасар Данилді алып шығады. Жолай кездескен көлікті тоқтатып, сол арқылы баланы ауруханаға беріп жібереді. Көлік иесінің есімі – Кирилл Гончаров.
Осы кезде көлік иесі Ерлан мен Құмарбек марқұм іштегі әйелдерді құтқару үшін жанталасады. Іштегі қыздардың бірін қолынан тартып шығармақ болып жатқанда, артқы жақтан тағы бір автобус келіп соғады. Екпіні қатты болғаны соншалық Құмарбек екі көліктің ортасында қыстырылып қалып кетеді. Кейін оның өлі денесі автобустың астынан табылған.
Соңғы келіп соққан жолаушылар автобусы Бурабайдан Астанаға бара жатыпты. Жолдың көктайғақ болуына байланысты, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан 1984 жылғы Алена Бухалюк (Астана тұрғыны), 1994 жылғы Қымбат Сәдуақасова (Зеренді ауданының тұрғыны), 1967 жылғы Айсұлу Кәленова (Астана тұрғыны) және 1966 жылғы Құмарбек Жакетайұлы (Бурабай ауданының тұрғыны) оқиға орнында көз жұмған.
Құмарбек Жәкетайұлы Жаңажол ауылында тұрады екен. Моңғолиядан Қазақстанға 1991 жылы көшіп келген. Артында үш баласы мен әйелі қалды.
Еске сала кетсек, кеше, 4 желтоқсан күні Астана-Көкшетау тас жолының бойынша бірнеше көлік соқтығысып, ірі жол апаты орын алған еді. Нәтижесінде 4 адам қайтыс болды.
Бұған дейін Ақмола облыстық ІІД Данилдің анасының жол апаты болған жерде көз жұмуы мүмкін деп хабарлаған болатын.
Оқи отырыңыз:
1 млн теңге қалың малын төлеп үйленер күні қалыңдығы өзге жігітпен қашып кеткен
Астаналық жігіт неке сыйлығына жаңа көлік сұраған қыздың тілегін орындап, өзін тастап кеткен
1 желтоқсанда өмірге келген сәбилердің есімін Қазақстан президентінің құрметіне қойды