Астана кәсіпкерлерін сыйақы беруге мәжбүрлеген алаяқ ұсталды
Өзін фискалды орган қызметкері ретінде таныстырып, Астана кәсіпкерлерін бопсалап келген алаяқ ұсталды. Ол кәсіп иелерін заңсыз сыйақы беруге мәжбүрлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видеодан кадр
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ішкі қауіпсіздік департаменті елордалық экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп өзін фискалдық органдардың қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді ойдан шығарылған қамқорлық үшін заңсыз сыйақы беруге мәжбүрлеген азаматты ұстады.
Жүргізіліп жатқан тергеу материалдарына сәйкес, күдікті кәсіпкерге моральдық қысым көрсетіп, 300 мың теңге ақша талап еткен.
“Бұл жайт мессенджердегі хабарлама және аудиожазбалармен расталады. Жалған қызметкер қажетті соманың екінші жартысын алу кезінде парамен ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – делінген Агенттіктің хабарламасында.
ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының талаптарына орай тергеу барысының өзге мәліметтері жарияланған жоқ.