Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана қаласында мектепішілік лагерьлердің екінші маусымы ашылды

Бүгін елорда мектептерінде қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен мектепішілік лагерьлердің екінші маусымы ашылды. Оған қала бойынша 200 мыңнан астам оқушы қатысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Астана қалалық білім басқармасы

Аталған шараға Астана қаласы Білім басқармасының Қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бөлім басшысы Гульфара Сарамбетова және ата-аналар қатысты.

Білім басқармасының айтуынша, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: сауықтыру және жұмыспен қамту.

“Қосымша білім беру ұйымдары бүгін мектеп жанындағы лагерь жұмыстарын өткізіп жатыр. Бұл шаралардың ішінде әртүрлі бағыттар бар. Олар көбіне ата-аналар тарапынан болатын сұранысқа байланысты. Онда би, волейбол, баскетбол, бассейн бар. Ата-аналар тарапынан көп алғыстар айтылуда. Биылғы ерекшелік - ұлттық құндылықтарға негізделуінде.

Балалар лагері туралы ата-аналарға мектеп директорлары, сынып жетекшілері жиналыс өткізіп айтты. Ал, бағыттарын ата-аналар өздері таңдады. Қазір лагердегі 4 бағыт бойынша, Астана қаласынан 1610 жетекші тартылған. Оларға аталған жұмыстары үшін ақы төленеді. Ал, мұғалімдердің лагерь жұмысына шығуын өзара ақылдасып шешеді. Қазір, қала бойынша лагерге 200 мыңнан астам оқушы қатысып жатыр”, дейді Астана қалалық білім басқармасының өкілі Гүлфара Бекболатқызы.

Мәселен, № 79 мектеп-лицейінде биыл лагерь жұмысы төрт бағыт бойынша ашылған. Онда оқушылар: Этно-лагерь, Дарындылар жазы лагері, Жұлдыз лагері, Tourist лагері болып топтарға бөлінген.

“Мектеп жанындағы лагерьдің биылғы ерекшелігі – білім басқармасының тапсырмасы бойынша, этно-лагерь ашып жатырмыз. Мұның ең үлкен мақсаты – балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу. Үлкен әжелеріміз арнайы келіп кілем тоқу, ою-өрнек салу, ұлттық тағамдарды әзірлеу секілді дүниелерді үйретеді. Сонымен қатар, балаларымыз қазақ тілінде көп сөйлесін деп, барлық шара қазақ тілінде өтіп жатыр. Одан бөлек, тағы да IT лагеріміз, “Туристік лагеріміз” бар. Бастауыш сыныптарға арналған “Жұлдыз” атты лагеріміз бар. Осылайша, балаларымызды жазғы демалысқа осындай шаралар арқылы шығарып салып жатырмыз”, дейді 79 мектеп-лицей директоры Құралай Балғабайқызы.

Ал, 6 сынып оқушысы Аяулым Талғатқызы лагерь арқылы көптеген достар тауып, театр өнеріне қатысты сабақтар алғанын айтады.

“Мен 6 а сынып оқушысымын. Біздің мектепте биыл көптеген лагерьлер ашылды. Соның бірі – “Жұлдыз” атты мектеп жанындағы лагерь. Мұнда қызықты ойындар, тапсырмалар, саяхаттар өткізіліп, қойылымдар көрсетілуде. Мектебімізде бейіндік бағыттар бойынша үш тегін лагерь ашылған болатын. Мысалы IT лагерьде – қызықты математика, робототехника, бағдарламалау бар. “Туристік лагерь” бағдарламасында әр елге онлайн саяхат, түрлі квестер және Астананың көрікті жерлеріне экскурсия жүргізілген болатын. Ал, “Дарындылар жазы” атты лагерімізде аспаздық өнер, шешендік өнер және театр қойылымдары бойынша сабақтар өткізілді.

Мен “Дарындылар жазы” атты лагерьге бардым. Маған өте қызықты болды. Мен ол жерден көптеген достар таптым. Сондай ақ лагерде өзімізді қалай ұстау керектігі жөнінде және театр өнері туралы көптеген сабақтар алдық. Мен өзім секілді барлық оқушыларға осындай лагерьлерге қатысуға кеңес беремін, дейді Аяулым Талғатқызы.

Бұл лагерьдің тағы бір ерекшелігі тәлімгерлерге көмекші ретінде жоғары сынып оқушылары тартылған.

Ал, ата-ана Ақнұр Ізғалиева лагерьде балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақ тілін насихаттау жұмысы ұнағанын айтады.

“Бізге этно-лагерь жұмысы ұнап жатыр. Қызым Жақсыбаева Кәусар IT лагерьді таңдап келген. Ол жерде математикалық, логикалық ойындар, жарыстар арқылы балалардың математикалық қабілеті одан әрі шыңдалып жатыр. Бастысы қызыма қатты ұнайды, мектептен көңілді келеді. Осындай лагерьлер мектеп жанынан ашыла берсе дейміз.

Сонымен қатар, биыл – ұлттық құндылықтарға басымдық берілген. Бұл балаларға қазақ екенін сезіндіру үшін өте жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Себебі, қазір балалардың көбі орысша сөйлейді. Сондықтан бұл лагерьдің қазақилықты насихаттап жатқаны ұнайды”, деді Ақнұр Ізғалиева.

Ал, № 32 мектеп-гимназиясындағы оқушылар лагерінде спорттық бағытқа басымдық берілген. Одан бөлек, шығармашылық және кәсіби бағыттағы лагерь жұмыстары да ұйымдастырылған. Қазір мұнда 200 ден астам бала спорттың әртүрінен лагерьге жазылыпты.

“Жаздық лагерге екі жүзден астам оқушы қатысып жатыр. Спорттық лагерьдің барлығы тегін және оны жүргізу үшін арнайы мамандары бар. Балалардың спортқа деген қызығушылығын дамыту үшін, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында осындай шара қолға алынды. Балалардың қызығушылығы өте жоғары”, дейді Гүлшат Берікбайқызы № 32 мектеп-гимназиясының директоры.

“Спорттық лагерь 3 маусымнан басталды. Балалар күні мерекесінен кейін салтанатты ашылуы болды. Мұнда спорттың барлық түрі қамтылған. Мәселен, үлкен футбол, шағын футбол, волейбол, баскетбол және ұлтық ойындар бар. Олардың ішінде асық, арқан тарту, тоғызқұмалақ енгізілген. Лагерьде 12-15 жас аралығындағы балалар қамтылған. Арнайы бес күнге арналған кестемен жұмыс істейміз. Бір күнде спорттың төрт түрі қамтылады” деді № 32 мектеп-гимназиясы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекайдар Жылқайдарұлы.

Айта кетейік, Астана қаласының білім беру ұйымдарының базасында: 97 мектеп жанындағы лагерь; оқушылардың қызығушылықтары бойынша 75 бейіндік лагерь және 21 этнолагерь бар.

2024 жылдың жазғы кезеңінде жазғы демалыстың барлық түрлерімен 1-10 сыныптың 200 мыңнан астам оқушысы (96%) қамтылған.

Талқылау