Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана ІТ университетінің дәлізінде "ұят тақтасы" пайда болған

Әлеуметтік желілерде елордалық университеттегі тәртіптік жазалаудың ерекше әдісінің фотосуреттері тарап кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Астана ІТ университетінің дәлізінде "ұят тақтасы" пайда болған, онда тәртіп ережелерін бұзған студенттер туралы бейнеролик көрсетіледі.

Бейнежазбада тәртіп бұзушылар туралы келесі мәліметтер көрсетілген: студенттің жеке суреті, оның қандай ереже бұзғаны және қандай жазаға тартылғаны.

"Ұят тақтасы - кісінің жеке шекарасын өрескел бұзу", "Мұндай әдістерді енгізудің уақыты келді", "Енді тәртіп болады", "Студенттермен жеке сөйлесу ше?", "Ескі әдістер қазіргі әлемде қолдануға келмейді", - деген желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. 

Оқу орнының баспасөз қызметі бұл резонанстық жағдайға түсініктеме берді. Айтуларынша, 16 қыркүйекте өткен тәртіптік кеңес отырысында ішкі тәртіп ережелерін бұзған бірқатар студенттерге қатысты материалдар қаралған.

"Тәртіптік кеңес құрамына кіретін студенттік өзін-өзі басқару органдарының өкілдері мұндай тәртіп бұзушылықтардың көбейіп бара жатқанын ескере отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында өткен жиынның қорытындысы туралы ЖОО студенттерін жалпы хабардар етуді ұсынды. Одан әрі Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы ереже бұзушылар туралы бейнеролик жасап, оны университет дәлізіндегі LED-экранға орналастырды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бұл ретте Астана IT университеті қазіргі уақытта бейнежазбаның LED-экраннан алынып тасталғанын атап өтті.

"Тәртіп бұзған студенттерден ешқайдан шағым түскен жоқ. Бұл жағдайды университет басшылығы ерекше бақылауға алып отыр", - деді университет өкілдері.

Талқылау