Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Astana Hub-та стартап атын жамылған майнинг қызметі анықталды

Astana Hub халықаралық IT-технопаркінде криптовалюта өндірумен айналысатын жобалар тіркелген. Олар стартап жасаушылар атын жамылып, 8,5 миллиард теңгеге мемлекеттік преференция алған. Бұл туралы Есеп комитетінің мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Ақылбай Ибраев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

криптовалюта

"Тексеріс барысында Astana Hub халықаралық IT-технопаркінің ведомстволық бағынысты ұйымында криптовалюта өндірумен айналысатын жобалар тіркелгенін анықтадық. Майнинг бұл технопарктің негізгі мақсаты мен міндетіне жатпайды. 2021 жылдың үш тоқсанында оларға 8,5 миллиард теңге салық жеңілдіктері берілді. Негізі оларға берілмеуі керек еді. Бес компания. Тек біреуі майнинг ретінде тіркелген, қалғаны стартап ретінде жұмыс істеген", –  деді Ибраев. 

Оның айтуынша, бұл компаниялар Astana Hub-та тіркелген, бірақ олардың нақты орналасқан жері белгісіз. Сондай-ақ қызметі заңды болып шыққан.

"Бүгінде заңнама шектеу қоймайды және осыны пайдаланған. Мұны Цифрлық даму министрлігі тарапынан бақылаудың жоқтығы дей аламыз", – деді Ибраев.

Мәселеге түсініктеме берген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин салықтық жеңілдік бюджет қаражатының тікелей жоғалуын білдірмейтінін түсіндірді.

"Олардың да шаруашылық субъектілері мен IT-компаниялар сияқты тіркелуге құқығы бар. Қазір бұл мәселені шешу үшін тіркеу ережелеріне өзгертулер енгізіп жатырмыз. Astana Hub-тың кез келген өкілі салық преференцияларын, кеңсе кеңістігін және басқа да қолдау шараларын ала алады", –  деді вице-министр.

Талқылау