Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Astana Hub акселераторының сегізінші легі: стартаптар өз сатылымдарын 73 млн теңгеге арттырып, 139 жұмыс орнымен қамтамасыз етті

24 қазан күні Орталық Азияның ірі технопаркі Astana Hub Demo Day іс-шарасында стартаптар акселерациясының сегізінші легін қорытындылады.

14 финалист-команда  ірі корпорациялар мен венчурлік қорлар өкілдері, қазақстандық және шетелдік инвесторлар алдында өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды. Жобалар негізінен бизнес-процестерді автоматтандыру, маркетинг, ойын әзірлеу, білім беру, жылжымайтын мүлік, медициналық технологиялар және ақылды қалалар салаларынан болды.

Astana Hub акселерация бағдарламасына қатысқан үш ай ішінде қатысушылар сатылымдарын 73 миллион теңгеге арттырып, 139 жаңа жұмыс орнын ашты. Demo Day іс-шарасы да акселератор сияқты онлайн форматта өткізілді. Үздік деген стартаптардың таныстырылымын көргісі келетіндер әлемнің кез келген бұрышынан болсын іс-шара барысының көрсетілімін технопарктің YouTube-тегі ресми парақшасынан таба аласыздар.

Demo Day-ге іріктеуден өткен жобалар тізімі:

SUPERMOMSCLUB – жүктілікті жоспарлаған, жүкті немесе босанған әйелдерге арналған әлеуметтік желі. Қосымшада жүктілікті дұрыс басқаруға арналған ақылды модульдер, 150-ден астам пайдалы мақалалар мен емдік шаралар бар.

SMART PARKING – нөмірді тану технологиясы арқылы тұрақ кеңістігін басқару жүйесі. Сервис онлайн төлем жүйелерімен (Kaspi, Рахмет, Beeline, Kcell) бірігіп жұмыс істейді.

GIS ANALYTICS – геоақпараттық жүйелер және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы шешімдерді әзірлеушілер. Сервис жасанды интеллект технологиялары негізінде спутниктік суреттердегі объектілерді және дрондардан деректерді автоматты түрде тануға арналған.

E-KNOT – ортақ мүлік иелерінің өзара әрекеттерін сандық түрде басқаруға арналған электрондық алаң. Тұрғындар, басқарушы және сервистік компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы коммуникацияларды цифрландыруға бағытталған.

AURAPOS.KZ –  кафе/мейрамханалардың бизнес-процестерін автоматтандыру (телефонмен тапсырыстарды қабылдау, электрондық мәзір, өнімдерді сатып алуды есептеу және қоймадағы тауарларды есепке алу).

JUNGLE TOWN –  Play Market және Apple Store дүкендерінде қолжетімді балалар мобильді ойыны.

AD ASTRA – білім беру платформасы (ағылшын, математика).

CVETOGIS.KZ – серіктес дүкендерден жеткізілетін гүлдер мен сыйлықтарға онлайн-тапсырыс беру қызметі. Порталда төлем жүйесі орнатылған, тауар жеткізілімін трекинг арқылы қадағалауға болады. 

FLOW SYSTEM – Yclients CRM, amoCRM ықпалдастығының көмегімен WhatsApp арқылы клиенттік базамен жұмысты автоматтандыру бойынша сервис.

GENIUS –  балаларға арналған білім беру платформасы.

UNIONCLICK –  ШОБ-ге арналған маркетингтік платформа.

SMART BAZAR – азық-түлік өнімдерінің маркетплейсі және т. б.

INTEC GROUP – адам денсаулығының көрсеткіштерін өлшейтін мобильді білезік.

Alpha education – оқу ұйымдары мен түрлі сала мамандарына интерактивті білім беру процесіне арналған курстар құруға көмектесетін білім беру платформасы.

Demo Day кезінде бағдарлама түлектері акселерациядағы үш ай жұмыс пен оқу барысында қол жеткізген жетістіктері туралы айтып берді. Түлектердің басты міндеті инвесторларды қызықтыру және өз жобасын дамытуға инвестициялар тарту болды. Covid-19 пандемиясының экономикалық және қаржылық салдарларына қарамастан, Astana Hub акселерация бағдарламасына қатысқан үш ай ішінде стартап-жобалар өз сатылымдарын 73 миллион теңгеге ұлғайтты, ал акселерациялық бағдарламаның соңындағы сатудың жалпы сомасы 86 миллион теңгеден асты.

Бұл – онлайн форматта өткізілген Astana Hub акселераторының екінші шығарылымы. Мұндай шешім әлемдегі коронавирустық пандемияға қарсы карантиндік шараларға байланысты қабылданды. Осының арқасында стартап-қатысушылар үйден шықпай-ақ білім алуға мүмкіндік алды. Қатысушылар арасында Алматы, Қарағанды, Талдықорған, Шымкент, Бішкек, Якутск және Томск қалаларының стартап-командалары болды. Бұл уақытқа дейін акселерациялық бағдарлама Astana Hub технопаркінде әрдайым бетпе-бет өткізіліп, өтінімдерді іріктеу кезеңінен өткен стартап-командалар Нұр-сұлтан қаласына келетін.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы акселератордың сегізінші легіне 33 стартап-жоба өтті. Командалар үміткерлердің 100 өтінімінен іріктелді. Оқу барысында қатысушылар сатылым воронкаларының құрылысы, мәмілелер жасау және сатуды жоспарлау кезеңдері туралы ақпарат алды; гипотезаларды тексеру туралы, клиенттермен жұмыс істеу кезінде қажетті және тыйым салынған мәселелерді ескере отырып, сұхбат сценарийлерін жасады. Astana Hub акселераторының түлектері ендігіде клиенттер үшін құнды ұсыныс тастап, B2B және B2C секторларында сату процесін құра алады. Іс жүзінде контентті пысықтағаннан кейін командалар өздерінің жұмыс алгоритмдерін құрастырды және трекерлерден өз өнімдерін сатудың негізгі көрсеткіштері туралы кері байланыс алды.
 

Талқылау