Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

БАӘ-лік инвестор Астана әуежайына үшінші жолаушылар терминалын салады

Фото: gov.kz

Елорда әуежайын одан әрі дамытуға 1,1 млрд доллар инвестиция тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

“Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited компаниясы (Terminals holding құрамына кіреді, БАӘ) әуежайды және оған іргелес аумақты кешенді дамытуға бағытталған инвестициялық келісім жасасты. Инвестицияның жалпы құны 1,1 млрд доллар болды”, – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, келісім аясында инвестор екінші ұшу-қону жолағын, үшінші жолаушылар терминалын, сондай-ақ жүктерге арналған cargo терминалын салады. Сондай-ақ, инвестор индустриялық-логистикалық аймағы мен қонақ үйлері, сауда алаңдары, логистикалық терминалдары бар бизнес-кластерді қамтитын көпфункционалды аэротрополис кешенін дамытуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек арнайы техника паркін жаңарту, цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелерін енгізу, әуежай қызметкерлерін кезең-кезеңімен оқытып, біліктілікті арттыру жұмыстары жоспарланған. Қызметкерлер халықаралық авиациялық талаптарға сәйкес арнайы тренингтерден өтеді.

“Сонымен қатар ҚР Көлік министрлігі мен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар техникалық біліммен, дағдылармен және озық тәжірибе алмасуға ниетті. Жақын арада Қазақстан және БАӘ арасындағы автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау мәселелерін регламенттеуге мүмкіндік беретін Үкіметаралық келісімге қол қойылады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық автотасымалдау аясында 42 Үкіметаралық келісім жасасты”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін вьетнамдық компания Қазақстан әуежайларының бірін сатып алуға ниет білдіргенін жазған едік. 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 14:55
Талқылау