Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"15 жаста тұңғышыма аяғым ауыр еді": Қазақстандық қыз 18 жасында үш баланың анасы атанған

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Шымкенттік 19 жастағы Зарина Мырзабек – үш баланың анасы. Зарина Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында 15 жасында тұрмысқа шығып, келіндік қызметке ерте араласқанын айтты. 

Зарина күйеуін 15 жасында колледжде оқып жүрып кездестірген. 

“9-сыныптан кейін колледжге оқуға түстім. Ал күйеуім колледжге 11-сыныптан кейін түсті. Өзі 2003 жылғы. Екеуіміз бір группада оқыдық. Кейін екеуміз жерлес екенімізді білген соң жақын араласа бастадық. Екеуіміз жарты жылдай қыз бен жігіт болып кездесіп жүрдік. Кейін аяғым ауыр екенін білдім. Ол кезде 15 жаста едім. Сол жылы 6 маусым күні 16-ға толдым. Ол кезде іштегі бала 7 айлық еді. Мен 16 жасқа толған соң екі жақтың келісімімен некемізді қидық”, – дейді кейіпкер.

Алайда жастардың бұл шешіміне Заринаның ата-анасы қарсылық білдірген. 

“Әрине, тым ерте деген ой болды, бірақ балаларыма қарап шүкір етемін. Күйеуімнің ата-анасы қарсы болған жоқ. Бірақ менің ата-анам шамалы қарсылық білдірді. Дегенмен көндірдім. Тұңғышымды 16 жасымда 2021 жылы 22 тамызда босандым. Екінші баламды 2023 жылы 6 сәуірде дүниеге әкелдім. Үшінші балам биыл қаңтардың 19-ы күні өмірге келді. Қазір шүкір, екі ұл, бір қызым бар”, – дейді Зарина.

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Кейіпкеріміз қазір жоғарғы оқу орнында интерьер дизайнері мамандығында оқып жатыр. Бала күтіміне байланысты бір жылға академиялық демалыс алған.

“Қазір ата-енеммен бірге тұрамын. Келіндік өмірге үйрену қатты қиын болды деп айтпаймын. Көп дүниеден байхабар болдым. Бірақ келін болып түскелі бәрін үйреніп жатырмын. Ата-енем мен күйеуімнің туыстары мені жақсы қабылдады. Қазір ата-енем бала қарап көмектеседі. Алғаш келін болып түскенде жаңа отбасыма тез сіңісіп кеттім. Әрине, ара-тұра түсініспеушіліктер болып тұрады. Мен үшін тамақ жасап үйрену, қамыр жаю оңай болмады”, – дейді кейіпкеріміз.

Сондай-ақ келін болып түскен отбасының тәртібі Зарина үшін таңсық болған.

“Мен өз үйімде ата-анамнан сұранбайтынмын. Басқа әулетке келін болып түскеннен кейін баратын жерге сұранып, айтып отыру керек болды. Ата-енем “келін” деп емес, “қызым” деп қабылдаған соң, айтарлықтай қиындықтар болмады”, – дейді келіншек.

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Жастай ана бақытын сезінген Зарина тұңғышын дүниеге әкелгенде-ақ мойнына қандай жауапкершілік алғанын түсінген.

“Алғаш рет ана атанғанда баламның өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты екенімді, оны қатарынан қалдырмай бағып-қағу менің мойнымда екенін түсіндім. Түн ұйқыны төрт емес қырық төрт рет бөлдім. Әрине, оңай болды деуге келмес. Қазір сол ұлым 4 жасқа келеді. Бала күтіміне қатысты қиындықтар болды деп айта алмаймын. Үйде ата-енем қарасқан соң болар, уақыт жеткізе алмай, үлгермей жүрген кезім болмапты. Ата-енем қандай жағдай болмасын ақылын айтып, кеңесін беріп отырады. Бірақ бала тәрбиесі ешқашан оңай болған емес. Орнымен еркелетіп, ақылмен жөнге салу да даналық. Басынан сипасаң тым еркелеп кетеді, ұрыссам өзімнің жүрегім ауырады”, – деді Зарина ағынан жарылып.

@zariwwxw солаййй👀#рекомендации #реки #рекомендації #фататита #хочуврекомендации ♬ Быхин фататита - BYKHIN

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 16:19
Талқылау