“Астана-Арқалық” пойызының жолсеріктері толғағы келген жолаушы әйелді босандырды
«Астана-Арқалық» бағытында қатынайтын № 603-604 пойызында жолаушы әйелдің толғағы қысып, жолсеріктер босандырып алды, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Сапар кезінде пойыз бастығы Жандар Сиқымбаев, вагон жолсеріктері Бақыт Қараманов пен Гүлдархан Шаханова толғағы қысқан әйелді босандырып алу үшін, мұндай жағдайда қажетті шараларды қабылдаған. Алдымен жүкті әйелмен бір купеде орналасқан өзге жолаушылардың басқа купеге ауысуын сұрапты. Бұл жағдайға жолаушылар да түсіністік танытқан екен.
Оқиға орнына жедел жәрдем де шақырылыпты. Алайда жол жабық болғандықтан, жедел жәрдем жете алмаған.
Мұнан кейін Ирченко стансасының фелдьшері Мария Мокрицкая жүкті әйелмен Атбасар стансасына дейін бірге барыпты. Әйел 7 наурызда түнгі сағата 00:05-те дені сау баланы дүниеге әкелді. Сәбидің салмағы 3 келі 200 грамм, бойы 50 см екен.
Қазіргі уақытта жас босанған ана Әселхан Аманбаева мен сәбиі Атбасардағы орталық перзентханада жатыр. Екеуінің де жағдайы қалыпты.
“Баламызға Ернар деген есім бергіміз келеді. Үшінші баламның өмірге келуіне көмектескені үшін, пойыз бригадасының қызметкерлері мен жолаушыларға алғыс айтамын”, – дейді Әселхан Аманбаева.
Оқи отырыңыз:
Алматыда автобус жүргізушісі рөлде отырған күйі тамақтанып, жолаушыны балағаттаған (видео)
Қызылорда тұрғыны көпбалалы ананы алдап, заңсыз рәсімделген несие арқылы қарызға батырған
Петропавлдық полицейлердің тосын сыйы қыз-келіншектерді сүйсінтті