Асхат Садырбай кинода ашықтан-ашық сүйісетін актерлерді сынады
Асхат Садырбай отандық телехикаяларда актерлердің ашықтан-ашық сүйісетініне реніш білдірді. Танымал журналист менталитетімізге сай келмейтін көріністерді жарыса түсіріп жатқан режиссерлерді сынға алды.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Асхат Садырбай желідегі парақшасында қазақ киносы туралы сөз қозғады. Ол салт-дәстүріміз бен ырым-тыйымдарымызға қайшы келетін дүниелерсіз-ақ кино түсіруге болатынын сөз етті. Тележүргізуші кино саласының мамандарын адаспауға шақырды.
«Біз қазақпыз, қазақстандықпыз, біздің менталитет басқа ұлттарға, мемлекеттерге қарағанда өзгеше, ерекше. Небір зұлмат замандарды бастан өткерсек те ана тіліміз, ата салтымыз, дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымыз сақталып қалды, Аллаға шүкір. Сондай қиын уақыттарда сыр бермеген, осы күнге жеткен дәстүрлеріміз бен қазақилығымыздың бейбіт күнде жоғалып бара жатқаны жүрегімді ауыртады. Менталитетіміздің санасын бұрмалап жатқан да өзгелер емес, өзіміздің қазақтар.
Өз қолымыз өз аузымыға жетіп неше түрлі телеxикаялар түсіре бастадық. Бастапқыда режиссёрлер фильмдердегі екі қазақтың ашық сүйісуі, жартылай жалаңаш саxналары сынды сорақы сәттерге келгенде аяқ тартатын. Байқаймын қазір керісінше, осындай сәттер үшін жата ғап жарысу басталып кеткендей. Әсіресе қазақтың киносында екі қаракөздің жабысып сүйісіп тұрғаны сондай ерсіз әрі жиіркенішті.
Дұрыс түсініңіз, өмірде бәріміз де сүйісеміз, ол бірақ өмірде, көптің көзінше емес оңашада. Тәрбиеміз сондай, стереотип емес менталитетіміз сондай. (Түйе екеш жануар түйе де боталағанын ешкімге көрсетпейді, жасырын боздайды) Басты кейіпкерлердің маxаббатын көрерменге әсерлі жеткізудің неше түрлі жолы, тәсілдері бар. Бір-біріне жабыстырып қою өнердің шыңы емес. Мен оны өнер деп есептемеймін. Өнер адамды таңғалдырып, таңдай қаққызғанда ғана өнер. Мұндай арзан тәсілдің барлығы арсыздық, ойдың таяздығы, қиялдың жоқтығы.
Неше жылдық тариxы бар Болливудтың туындыларын алайық. Үнді режиссёрлері өз менталитеттеріне сай өз кино өнерін қалыптастыра алды, әлемді де мойындатты. Голливудтың өз жолы бар, Кеңестік Одақ кезіндегі режиссура мен идеология басқа болды. Қазіргі тәуелсіз режиссура, кино… Мен Болливуд болайық демеймін, адаспайықшы деймін. Дамиық, өркендейік, бірақ кімбіз, қайдан келдік, қайда бара жатырмыз, ойланайықшы, естен шығармайықшы. Өтініш. Сүйісусіз-ақ елдің есінде қалған жақсы кинолар болған, бар…» – деп жазды ол.
Жіберіп алмаңыз:
Қарақат: Сəби күткен əр шаңыраққа менің жүрегімдегі қуанышты тіледім
Мұрат Қожа жас келіншегі мен қызын перзентханадан шығарып алды
Парижде ән салған Димаш әлем жұлдыздарын таңдай қақтырды (видео)
Мәдина Сәдуақасованың сахналық ең әдемі көйлектері (фото)
Гүлзира Айдарбекова өзі бақытсыз бола тұра қыз ұзататын әншілерді сынады