Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әскерге дейін ине де ұстай алмайтынмын": Қазақстан әскері тарихындағы алғашқы афроқазақ борышын өтеп, үйіне оралды

Отан алдындағы борышын өтеген алғаш афроқазақ үйіне оралды. Майкл Мкпо бір жыл бұрын өз еркімен әскерге аттанған, енді үйіне ефрейтер шенін алып қайтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Евразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.

Жүздеген сарбаздың ішінен ерекшеленіп көрінген жігітті туыстары күтіп алды. 

Майкл 6 ай Алматы облысында болып, кейіннен Семейге жіберілген. Шығыста болған жарты жылда нағыз қыстың қалай болатын сезіндім, дейді сарбаз. Қақаған аязда әскери борышын өтеу оңайға соқпаған. Ал оны алғаш көргенде қаруластары таңданысын жасыра алмаған.

"Ең бірінші әскерге келгенімде бәрі шок болды. Қателік болған шығар деп көпшілігі сенбеді. Кейде кезде афроқазақ екенімді, Алматыда туғанымды растау үшін жеке куәлігімді көрсетуге тура келді. Кейіннен барлығы құрметпен қарайтын болды, достасып кеттік", - дейді Майкл Мкпо.

Майкл материалдық жабдықтау ротасында әскери борышын өтеген. Әскерде электрик мамандығын игерген. Физикалық түрғыдан да машықтанған.

"Әскер жас жігіттерге мектеп іспеттес. Жігеріңді жандырып, әскери тәртіпке үйретеді. Қосымша мамандықты игердік. Әскерге дейін ине де ұстай алмайтынмын. Қазір тігуді де, сынған, бүлінген заттарды жасауды да меңгердім. Осындай мектептен өткен соң өз отаныңды қорғауға деген ынтаң арта түседі", - деді Майкл Мкпо.

Әскерден оралған баласының бойындағы оң өзгерістерін анасы да байқаған. Сарбаз үй шаруасына көмектесіп, жақындарына қамқор болып жүреді екен.

"Әрине, әскерден кейін баламның бойында өзгерістер бар. Ол салмақты, бұрынғыға қарағанда жауапты, жақындары мен достарына деген көзқарасы өзгерген. Әскерден ол шынымен жігіт болып оралды. Бұрын ұйықтап қалып, кешігіп жүрсе, қазір барлығына жауапкершілікпен қарайды. Әскерге дейін шеге қаға алмаушы еді, қазір үй шаруасына көмектесіп, қолынан іс келетін болған", - деді "қарадомалақ" сарбаздың анасы Светлана Мгпо-Семенова.

Майкл борышын өтеуге өткен жылдың мамыр айында аттанған. Алматы облысында дүниеге келген оның әкесі - Нигерия азаматы, нағашы атасы - орыс, нағашы әжесі - қазақ. Әскерге кетерде қазақша бірнеше сөз білетін ол қазір емін-еркін түсінетін деңгейге жеткен.

 

 

Талқылау