Бұрынғы әскер мен бүгінгі күннің әскері несімен ерекшеленеді? Аға буын өкілдері бөлісті

Stan.kz барлық ер-азаматтарды бүгінгі мерекемен құттықтап, Отан қорғаушылар күніне орай әскери борышын өтеген азаматтармен байланысып, естеліктерін жазып алды. Аға буын өкілдері бұрынғы әскер мен қазіргі әскердің айырмашылықтарына тоқталып, тәуелсіз еліміздің ұрпағы Отан алдындағы парызын өтеуден қашатынын айтып, налыды.

Түркістан облысы Шардара ауданының тұрғыны Мейір Саттаров әскердегі уақытын сағынышпен еске алады. Әскер жігітке сенімділік пен жігер береді деп санайтын ол Ресей елінде парызын өтегенін айтады.

"Он сегіз жасымда әскерге шақырту алдым. 1984 жылдың күзінде елімізден бір автобуспен 80-ге жуық бала Ресейдің Свердловский облысына бардық. Ал ол жақта қыс түсіп, қатты аяз болып кеткен екен. Содан Серов деген қаласына барып түстік. Бір ай карантинде болып, танысып, рота-ротаға бөліп жіберді. Мен әскери байланыста қызмет атқардым. Байланыс толқындары арқылы бөтен  ұшақтардың координаттарын есептеп шығарамыз", - деген Мейір Саттаров алғашқы кезде радиомеханиканы меңгеру қиын болғанын есіне алды. 

әскер

Кеңестік кезеңде отан алдындағы парызын өтеген Саттаров ол кездегі әскерде әлімжеттік болғанмен жігіттер шыдамды еді дейді. 

"Әскердегі әлімжеттік қай уақытта да, қай кезеңде де болған, бола береді де. Әскердің өзгермейтін заңы. Бірақ мынаны ұғыну керек: өзіңнен бір жыл бұрын ерте барған жігіттер жаңадан келгендер ширақ болсын, үйренсін деп сынап жұмсап жатса айып емес. Ал жұдырық жұмсап, одан арыға кететін болса, дұрыс емес. Біздің кезіміздегі жігіттер шыдамды, төзімді еді. Әскердегі қиындықтарға шыдап, өзін өзі алып шығатын. Біздің кезімізде әлімжеттік болғанмен, қазіргідей қашатындай емес еді. Қазір жігіттердің кейбірі әскерден сол үшін қорқып, қашады", - дейді ол.

Әр жігіттің шымыр әрі ширақ, есілген жіптей болуы үшін, ішкі мәдениетін қалыптастыру үшін әскердің көмегі зор дейді Саттаров. Ол қазіргі жігіттер үшін әскерге барудың маңызы жоғалып бара жатқанына налиды. 

әскер

"Әскер - жігіттерді шыңдайды, ширықтырды, өмірілік тәжірибе береді. Шындығында бұрынғы әскердің артықшылықтары көп еді. Қазір кезде жігіттердің әскерге барып-келгенін білмейміз. Біздің кезімізде әскерге барып келу үлкен мереке, той, өз отбасыңа ғана емес, бүкіл ауыл алдында абырой еді. Ол уақыттың әскери формаларының өзі әдемі еді. Әскерге барып келді деген сөздің құны түсіп бара жатқандай", - деп түйді ойын. 

Оңтүстік өңірдің тумасы Оразхан Әбдірайымов он сегіз жасында әскерге шақыртылып, Ауғанстандағы соғыстан бірақ шыққанын айтады. 

"Мен әскерде 1985-1987 жылдар аралығында парызымды өтеп қайттым. Он сегіз жасқа толғанда әскерге шақырту келіп, екі жылымызды Ауғанстанда өткердік. Алғашында үш ай бойы оқу жаттығу жұмыстарын жүргізіп, мылтық ұстап үйреніп, жарылғыш заттармен қалай жұмыс жасау керектігін, әскери көліктерді қалай басқару керектігін оқытты. Үш ай дайындық жұмыстары біткен соң бізді майдан алаңына жіберді", - деген ол отан алдындағын борышан Ауғанстанда өтейтінін ата-анасына айтпаған көрінеді. 

"Ауғанстанға баратынымызды ата-анама айтпадым. Уайымдатқым келмеді. Кейіннен хат-хабар алмасып тұрдық, сол кезде білді", - дейді ол. 

әскер

Оразхан Әбдірайымов алғашында бөтен елдің салт-дәртүрлері мен халқының тіршілігі таңсық көрінгенін жасырмады. Әйелдері түгелдей паранжа киіп тұмшаланып жүргеніне ондайды көрмеген соң, басында көзі үйренбеген. Он сегіз жастағы бозбала кезіңізде соғыс болып жатқан елге баруға қорықпадыңыз ба деп сұрағанымызда:

"Он сегіз жастағы баламыз, қорқуды білмеппіз. Қазір ойлап қарасам қорқамын. Ол кезде бізге бәрі қызық көрінді. Мен артиллериялық полкта әскери көлік жүргізушісі болып қызмет атқардым. Жауынгерлерді қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өзіміз де сол ұрыс алаңда бірге арпалыстық", - дейді. 

Парызын өз елінде емес, өзге елде жүріп атқарған Әбдірайымов ол кездегі жігіттер отқа да, суға да түсуге дайын жанкешті еді дейді.  

"Ол кезде сарбаздар қандай бағытқа дайындаса да дайын болып шыдамдылық танытқан. Қазіргі жігіттер өз елімізде жүріп парызын өтей алмай жатқандары бар. Әскерде әке-шешең жоқ, жылдам-жылдам дайын тұруың керек. Қазіргі ата-аналар өз перзенттерін қасынан бір елі шығарғысы келмейді", - деген Оразхан ағамыз кейбір жігіттердің әскерге баруға қорқатыны үйдегі тәрбиеден деп топшалайды. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр