Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскерде жарақат алған Ербаян емдеудің екінші кезеңінен өту үшін Ыстамбұлға кетті

сарбаз екінші рет ем алуға Стамбулға кеттіФото: inga_imanbay Instagram парақшасынан алынды

Ұлттық ұлан сарбазы, қызмет барысында ауыр бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтар емдеудің екінші кезеңінен, толық оңалту курсынан өту үшін Ыстамбұлға ұшып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ербаянның адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, бүгін сарбаз ата-анасымен бірге ұшқан.

"Бүгін таңғы сағат бес шамасында Ербаян ата-анасымен бірге Ыстамбұлға ұшып кетті. Ол жерде емдеудің екінші кезеңінен, толық оңалту курсынан өтеді. Бұл ол үшін шешуші кезең. Сондықтан бәріміз бірге ұлымызға сәттілік пен амандық тілейік", – деп жазды адвокат Instagram парақшасында.


"Арқасын тік ұстай алады": Ербаян Мұхтар әскердегі жарақатынан кейін сауығып келеді


Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың ісінде әлі күдіктілер жоқ


Адвокаттың айтуынша, емделуге қаржыны мемлекет бөлген. Арнайы портал арқылы үш айлық реабилитацияға қаржы бөлінген. Ол Ыстамбұлдағы клиникалардың бірінде болады. Ал ұшуды Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі қамтамасыз еткен.

"Шын жүректен қуаныштымын. Мемлекеттік құрылымдар дұрыс шешім қабылдап, көмек қолын созды. Нағыз өзгерістер дәл осындай қадамдардан басталады", – деді Иманбай.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Анасының айтуынша, сарбазға әскери бөлімде қысым көрсетілген. Кейін тіпті ата-анасының рұқсатынсыз дәрігерлер оған ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған. Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. Ербаян Түркиядан ем алып келді.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 17:26
Талқылау