"Аштықтан шығамыз": Шымкентте такси жүргізушілері жанайқайын жеткізді
Елімізде карантин күшейіп, қалааралық жолаушылар тасымалына рұқсат берілмесе де, жер-жердегі автобекеттердің сыртында қаз-қатар тізілген таксилер аз емес. Ресми автовокзал жабық болғанымен кез келген бағытта барар жеріңізге жетуге болады. Ал карантин болса да, "үйде жата алмаймыз" дегендер айыппұлға да қарамайтын болдық деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзге өңірлердегідей, Шымкентте де санитар мамандар тарапынан жолаушы тасымалына тыйым бар. Соған қарамастан, әр бекеттің сыртында барлық ауданға жүретін өздерінің "жабайы" бекеті пайда болған. Ашынған жүргізушілер бала-шағаны асырау үшін тыйымға да қарсы шыққандарын айтады.
"Кредитімізді кім төлеп береді. Бала-шағаны сабаққа жіберу керек. Онлайн дейді. Бәріне бір-бір сотка алдық, кредитке. Оның барлығын кім төлеп береді? Осындай аштықтан бәріміз шыққанбыз", - деді жүргізуші Бауыржан Әмірбеков.
Автобекет маңында тасымал ұйымдастырғандар тексерушілер тарапынан айыппұл алмаған жүргізуші қалмады деп отыр.
"Транспортниктер салады, СЭС келеді. Барлығы қысып жатыр ғой. Амал жоқ. Әйтеуір амалдау керек. Нан табу керек. Аш қалмау керек қой", - деді жүргізуші Бағлан Өтегенов.
Алайда автобекет өкілдері өздерінің бұл көрініске еш қатысы жоқ екенін айтады. Керісінше бекеттің ресми жұмыс істегенін қалайды. Айтуларынша, қалааралық қатынас мәселесі республика деңгейінде әлі шешілмепті. Бұл жағдайды жолаушылар тасымалына жауаптылар да растады. Арнайы қаулымен тыйым болса да, "жабайы" көрініс күнделікті жұмыс жүргізетінін айтады. Полиция тарқатып жіберген күннің ертеңіне-ақ жұмыс жалғаса береді екен.
"Заңсыз тасымалдау да орын алып жатыр. Ол бойынша біздің құзырлы орындар сәйкесінше жұмыстар атқаруда. Бізге бірнеше өтініш түскен қауымдастықтар тарапынан, мына автовокзалдар жұмысын қайта жандандыру туралы. Бас санитарлық дәрігерге де ұсыныс берілген. Әзірге шешім қабылданбады", - деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
Әкімдіктегілер автобекеттер жұмысын ашуға республикалық комитетке де хат жолдағанын, бірақ жауап жоқ екенін мәлімдеді. Жағдай Шымкенттен басқа, Түркістан облысына да тән екен. Шымкенттің орталығы арқылы Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарының көліктері емін-еркін өтіп жүр. Әзірге үзілді-кесілді тоқтатып тастауға мүмкіндік аз, дейді шенеуніктер.