Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"3 күн тамақ жемей 6 келі cалмақ тастадым": Қазақстандық арулар ашығу арқылы қалай өзгергендерін бөлісті

Астана тұрғыны Қаламқас Зал 20 күндей ашығып, 10 келіден аса салмақ тастаса, стоматолог дәрігер Айжан Жақсыбаева 3 күнде 6 келі арықтаған. Ал дәрігердің сөзінше, ашығу салмақ тастауға ғана емес, ми аурулары, ерте қартаю, есте сақтау бұзылуы, ұмытшақтық, деменция, Альцгеймер, Паркинсон сияқты ауруларға қарсы көмектеседі. Дегенмен зиян тұстары да бар. Stan.kz ақпарат агенттігіне ашығып арықтаған қыздар жеке тәжірибесін айтып берді.

Фото Айжан Жақсыбаева/арықтағанға дейінгі және кейінгі түрі

“3+3 әдісімен ашығып, 6 келі салмақ тастадым”

Айжан Жақсыбаева салмақ тастау мақсатында үш күн тек су ішіп ашыққан. Сосын тағы үш күн аузын ашып, біртіндеп қана тамақ ішкен. Сондықтан бұл ашығу тәсілі 3+3 деп аталады.

"Артық салмақтан арылу мақсатында ашықтым. Өзім дәрігер болған соң ашығуды бастамас бұрын 1 ай толық ашығу жөнінде мәліметтерді оқып, ізденіп, адам ағзасына жасушалық деңгейде үлкен пайдасы бар екенін анықтадым. Бірінші қадамым ашығуға қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтау үшін арнайы сараптамалардан өткенім болды. Сараптама нәтижесі жақсы шыққан соң 3 күндік сумен ашығуды бастадым. Ашығудың алғашқы күні сәл әлсіздік сезіндім. Қалған екі күнде керісінше өзімді өте сергек сезініп, өзімнің қалыпты күндерімдей жүрдім. Ашығу біткен соң тағы үш күн тамақты біртіндеп жей бастадым. Бастапқыда тек смузилер іштім. Ашығудың арқасында өзімді жеңіл сезініп, ағзамның да санамның да толық тазарғанын, миымның жақсы жұмыс істей бастағанын және тәбетімнің бір қалыпқа келгенін байқадым”, – дейді ол.

Осылайша ару 6 келі салмақ тастаған. Ашығу өзіңді басқаруға көмектеседі екен дейді ол.

"Ашығудың соңғы күні 6 келі салмақ тастағанымды әлеуметтік желіде бөлісіп едім, оқырмандар қызығып кетті. Бізге де бөлісіңізші деген хаттар келе бастады. Мен бір ай бойы зерттеген мәліметтің бәрін сонша адамға жекелей түсіндіріп отырудың мүмкін емес екенін, оның бәрі менің уақытым мен энергиямды алатынын түсіндім. Ашығу жалпы мені физикалық, рухани тұрғыда тәрбиеледі деуге болады. Енді дұрыс тамақтанамын, спортпен тұрақты айналысамын, білімімді әлі де арттырып жатырмын. Нәпсімді аяғыма жығып берді десем де болады. Ашығу арқылы өзімді басқаруды үйрендім", – дейді Айжан Жақсыбаева.

“20 күн ашығу қиын болды, бірақ есесіне 10 келіден аса салмақ тастадым”

Ал Астаналық Қаламқас Зал 20 күндей ашығып, 10 келіден аса салмақ тастаған. Су, көкөністерден смузи жасап ішіп жүрген. Бірақ ол осы 20 күнде кейбір шарттарды орындау қиынға соққанын айтты. Тәжірибесі сәтсіздеу болғаны болмаса, тағы қайталап қолға алғысы келеді екен.

"Біз ашығу үшін бір кісіге бардық. Ол кісі басында жарнаманы күшті жасады, көп нәрсені уәде етті. Күн ара массаж жасау, 1-2 рет хиджама жасату кіреді деді. Ішетін шөп шай, смузилерді де өзі дайындап беруі керек еді. 20 күнде маған 4 рет қана массаж жасалды, 3 рет клизма жасады. Балдыркөкті (сельдерей) шырын жасайтын құрылғыдан өткізіп, соның суын іштік. Шай, смузиді айтпаса да түсінікті шығар. Қызылша, сәбіз, алма, мандариннен шырын жасап іштік. Мұндай сусынның дәмі де жағымды болады. Енді менің жағдайымда нашарлау тәжірибе болып қалды. Ал жалпы болашақта мықты маманмен бірге қайта ашығамын деп ойланып жүрмін", – дейді ол.

Ол ашығу арқылы "Сенің қолыңнан келе ме?" деп өзімді сынап көрдім дейді. Сонымен қатар Қаламқас дұрыс ашыға білу керек екенін ескертті.

"Ашыққан кезде бетіме безеу және тағы басқа неше түрлі бірнәрсе шығып кетті. Сол кезде іштей тазарып, бәрі сыртқа шыққан сияқты. Салмақ тастадым. Өзіме тамсанып жүрдім. Жалпы тамақ ішпей, ұстанып жүру қиындау болды. Бала-шағаммен алысып тамақ істеп жүрдім, үйдің тірлігі тағы бар. Қонаққа шақыратын таныстар бар. Ортасында қонаққа барып, аздап тамақ жеп қойған кезім болды. Бірақ сол кезде асқазаным қатты ауырды және бұдан соң жалғастырып кетсең де, қайта бастағандай болады екенсің. Ал бойдақтарға ашығу жеңілдеу сияқты. Ашығуды аяқтау да оңай емес екен. Жайлап тауықтың құр сорпасын ішіп, кішкене ғана салат жеу керек. Баланы тамаққа үйреткендей асқазанды да ақырындап үйрету керек. Әйтпесе бірден тамақ жеу асқазанға ауыр болады", – дейді Қаламқас Зал.

Гастроэнтеролог маман ашығудың қауіпті тұстарын ескертті

Гастроэнтеролог Венера Қайратқызы ашыққанның денсаулыққа пайдасы да, қаупі де бар екенін айтты. Сондықтан әр адамның жағдайына қарай, дұрыс таңдау жасау маңызды.

"Гастроэнтеролог маман ретінде ашығудың қауіпті тұстары бар екенін айта кетейін: Асқазан аурулары – гастрит, ойық жара, өт қабының патологиялары бар адамдар үшін ашығу қауіпті болуы мүмкін. Себебі асқазан сөлі шырышты қабатты зақымдайды. Ас қорыту жүйесінің бұзылыстары – ұзақ ашығу, іш қату, іштің кебуі, қыжыл және өт тоқырауына әкелуі мүмкін. Қандағы қант деңгейінің тұрақсыздығы – қант диабеті немесе гипогликемиясы бар адамдар үшін ашығу қауіпті. Бұлшықет массасының төмендеуі – ұзақ ашығу кезінде ағза энергияны майдан ғана емес, бұлшық еттерден де алады", – дейді маман.

Дәрігер 16/8 әдісін байқап көруді ұсынды.

"Гастроэнтеролог ретінде ұсынысым: егер адамның денсаулығы жақсы болса, қысқа мерзімді интервалды ашығуды (16/8 әдісі) байқап көруге болады. Гастрит, ойық жара, өт тасы бар адамдарға ашығу зиян. Мұндайда дәрігермен кеңесу маңызды. Кез келген ашығуды ақылмен, тамақтану тәртібін реттей отырып жасау керек. Ашығудың пайдасы да, зияны да болуы мүмкін болғандықтан әр адамның жағдайына қарай тәсіл таңдау керек", – деді ол.

Ашығудың қандай пайдасы бар?

Ал интегратив дәрігер, диетолог Марал Алмағанбетованың айтуынша, ашығудың пайдасы көп.

"Ашығу салмақ тастап, оны ретке келтіруден бөлек, ми ауруларына, қант диабетіне, бауырдың майлы ауруы – гипотиреозға қарсы пайдасы бар. Сонымен қатар ол нейродегенеративті аурулардың және ми аурулары, мидың ерте қартаюы, есте сақтау бұзылуы, ұмытшақтық, деменция, Альцгеймер, Паркинсон сияқты аурулардың профилактикасы болып келеді. Одан бөлек ашығудың Anti age (медицинадағы қартаю кезеңін баяулату) эффектісі бар. Бұл дене массасына әсер етіп, адамды жас етіп көрсетеді, биологиялық жас баяу қартаяды. Оған қоса ашыққан кезде көңіл-күйіміз, жағдайымыз жақсарады. Кейбір адамдарда ашығудың басқа да себептері, мақсаттары болуы мүмкін. Мысалы, химиятерапияны дұрыс көтеру, аутоиммун ауруларына қарсы ем, ағзаның жаңару процесін күшейту, аутофагия, яғни жасушалардың тазару процесіне көмектеседі. Зат алмасуды жақсартып, оңтайлы нәтижелер береді. Аутоиммун (иммунитеттің ағзаға қарсы жұмыс істеуі) ауруларын емдеуге көмектесіп, иммунитет қызметін жақсартады", – дейді дәрігер.

Ашығу және инсулин

Марал Алмағанбетованың сөзінше, ашығу кезінде инсулин мөлшері мен қан қысымы да төмендейді, B жасушаларының жұмысы күшейеді. Ол Қазақстанда көп адамның инсулин гормонының деңгейі жоғары екенін ескертті. Оны адамның белінен байқауға болады. Белдің өлшемі 80-нен жоғары болады, ер кісілерде 90-нан жоғары болады.

"Адамдар ішіме май жиналды деп жатады. Бұл артық май артық инсулиннен жиналады. Тамақта көмірсудың көп екенін білдіреді. Ал көмірсуға бүкіл тәттілер мен ұннан жасалған тағамдар, дүкендегі тәтті, фруктоза, бояу қосылған тағамдар жатады. Газды сусындар да көмірсуға жатады. Ал ашығу кезінде инсулин мөлшері төмендейді. Қан қысымы да төмендейді, B жасушаларының жұмысы күшейеді. Оған қоса адамдарда окситоцин күйзелісінің мөлшері және тәбет төмендейді. Егер ашығуды дұрыс ұстанса, қатты шектеу қоймаса, тәбет төмендейді. Бірақ көп адамда инсулинге сезімталдық бұзылған. Соған байланысты глюкоза жасушаларға енбей, адам шаршайды, ұйқысы келеді, қуаты болмайды, бұл артық майға себеп болады. Ашыққанда осы инсулинге сезімталдық күшейеді", – дейді дәрігер.

Ашығудың түрлері

Маманның айтуынша, ашығудың күнделікті түрі, күнаралық және апталық түрлері, белгілі бір сағаттарда ғана ұстанатын түрлері бар. Ашығу рәсімді немесе рәсімді емес болып бөлінеді.

"Мысалы, аптасына бір-ақ рет немесе екі рет ашығу бар. Бұған мұсылмандар өтейтін дүйсенбі және бейсенбі күнгі нәпіл оразаны жатқызуға болады. Сағаттармен де бөлінеді. Мысалы, 12-12, 10-14, 20-4. Мұнда 12 сағат тамақ ішуге рұқсат, қалған 12-сінде ештеңе ішпейді. Кең танымал 16-8 деген бар, мұнда күніне 8 сағатында екі рет қана тамақ ішеді. Түскі тамағын 12.00-де ішсе, кешкі тамағын 20.00-де ішеді. Бұл - өзімнің жиі ұстанатын диетам. Бұл апта бойғы колорияны кішірейтуге және салмағымды реттеп тұруға көмектеседі. Жалпы ашығу шыдамды болуға үйретеді, мидың жұмысы күшейеді, адам барына рақмет айта бастайды, дофамин бөлінеді. Сонымен қатар адам тамақтан ләззат ала бастайды", – дейді Марал Алмағанбетова.

Адам ашығуға дайын болуы керек. Егер адамның денсаулығы әлсіз, D3, темір, ақуыз және гормондар деңгейі төмендеп, гипотиреоз, қан қысымы төмен болса және дайындықсыз кіріссе, адам одан сайын шаршай береді.

"Ағзасындағы гормондар мен минералдар, яғни жетіспей тұрған бөліктері қалыпқа келген, дені сау, ауызды ашқанда пайдалы тағамдар жеп ашықса, жалпы азғасына пайдалы болады. Адам денсаулығына күтім жасап, жылына екі рет тексеріліп, жетіспейтін дүниелерді қалыпқа келтіріп тұруы керек. Сонда ашығу да пайдалы болмақ. Сонымен қатар аптасына екі рет кешкі астан бас тартып тұрса, ағза ашығуға дайын болып тұрады. Адам тамақ ішпеген кезде бұлшықеттер өседі, аутофогия процесі қосылады, жасушалар мен ағзаның тазалана бастайды және майдың ыдырау процесі күшейеді. Адам ағзасы дайын болмаса, майдың ыдырау процесі болмайды. Аш кезде глюкозаны алу үшін күйзеліс гормоны кортизол көтеріледі. Ал ол ұйқыны бұзады, яғни ақаулар байқалады. Демек адамның ағзасы дайын болмағаны", – дейді ол.

Ашыққанда әлсіздік, бас айналу, қан қысымы болса, не істеу керек?

Дәрігер бастапқы 3-5 күнде осындай өзгерістер болса, бұл қалыпты екенін айтты. Тек осыны білу керек.

"Біліп жүрсеңіз, өзіңізді бақылап, шыдап, күтім жасап, жақсы өте аласыз. Аэробты жаттығу жасап, жүріп келуге болады. Сонда қан жүгіртіп, ағзаға көмектескеніңіз болады. Жүргенде майдың ыдырауы жақсарады да, адам қуаттана бастайды”, – дейді Марал Алмағанбетова.

Қалай, қанша уақыт ашығамыз?

Қанша уақыт ашығуға болатынын нақты айту үшін жеке адамның денсаулығына қарау керек. Егер айтылғанның бәрін істеп, дайындалса, 1 айға дейін ашығуға болады.

“Дайындалмаса, аптасына 1-2 рет кешкі асты алып тастауға болады. Соның өзі ашығу болып есептеледі. Су ішу керек, әсіресе жылы су. Минералды су ішсе, тіпті керемет. Мөлшері адамның денсаулығына, жеке ерекшеліктеріне байланысты. 1-1,5 литр су ішуге немесе ағзасына қанша қажет сонша ішсе, болады. Қара шай мен кофені бастапқы күндері ішпеген дұрыс, себебі бұлар ағзаны сусыздандырады. Ашыққан кезде онсыз да сусыздану процесі жүреді, сондықтан су ағзаға сіңіп, қалыпқа келуі үшін бастапқыда ішпеген жөн. Лимон қосылған су ішуге болады”, – дейді интегратив дәрігер Марал Алмағанбетова.

Дәрігердің сөзінше, ашығып болған соң басында сұлының сорпасын ішкен жақсы. Біртіндеп қана жеу керек. Көкөністер, көкөніс қосылған сорпа, яғни қайнаған, пісірілген күйінде де жей беруге болады. Көкөніс шырыны, смузиі жарайды. Сосын ақырындап суға піскен, буға піскен тамақтарды қосу керек. Одан кейін барып крахмал, жемістер, ақуызы, көмірсуы бар тағамдар қосыла береді. Спортпен айналысатын адамның жетіспейтіні қалыпқа келген, дайындалған болса, ашығу оған зиян емес.

Талқылау