Асхана тексеріледі: Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түсті
Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінің оқушылары улану белгілерімен ауруханаға түсті. Көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді. Санитарлық-эпидемиологиялық инспекторлар мектеп асханасынан сынама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ақ Жайық
Бейнеу әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 сәуір кешке Бейнеу орталық аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне оқушылар келді. 9 бен 12 жас аралығындағы 11 бала түсті. Барлығы жүрек айну, құсу, әлсіздікке шағымданды. Тексеріліп, қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатқызу белгілері болмағандықтан, үйлеріне жіберілді. Қазіргі уақытта балалардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, олар амбулаторлық ем қабылдап жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы балаларға функционалдық дисфиксия диагнозы қойылғанын хабарлады. Яғни тағамды тұтынудан кейінгі ас қорыту бұзылысы байқалған.
"Бейнеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары жедел тексеру жүргізіп, азық-түлік өнімдерінен зертханалық тексеру үшін сынама алып, тиісті санитарлық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр", – деп хабарлады Бейнеу әкімдігі.
Әкімдік мектеп оқушыларының барлығы Бейнеу ауылында орналасқан Манашы жалпы орта мектебінің 2, 3 және 5 сынып оқушылары екенін атап өтті.
2024 жылдың қыркүйек айында Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектептердің бірінде 460 бала уланған.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының Қобда ауданында 4-сынып оқушылары жаппай уланып, ауруханаға жеткізілген еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға 18 ақпанда Қобда ауданында болған. Қобыланды батыр атындағы орта мектептің 23 оқушысы шұғыл ауруханаға жатқызылған. Төртінші сынып оқушыларында жүрек айну, көзден жас ағу және бөртпе белгілері байқалған. Мәліметке сәйкес, балалар қытай тағамдарынан уланған. Аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалды.