Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Асфальтты қопарып су ағысын бұрған": Атырау облысының тағы бір ауданын су басып қалды

Атырау облысының Миялы ауылында да төтенше жағдай жарияланды. Ойыл өзені тасып, елдімекен іргесіне алып кеткен. 30 жыл бұрын дәл осындай тасқын шайып кеткен ауыл тұрғындары қорқып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Миялы халқы соңғы күндері ұйқы көрмей бөгет жасап, дамбы соғып жатыр. Тасқын ауыл маңындағы тас жолға тірелген, тұрғындар амалсыз асфальтты қопарып су ағысын бұрған. Әзірге бірнеше ауылдың аудан орталығымен қатынасы үзілген. Дегенмен су қаупі сейіліп, деңгейі екі метрге дейін түскен.

Жергілікті әкімдік пен  төтенше жағдай қызметкерлері жағдайды 24 сағат бойы бақылауда ұстап отырғанын айтады. Қауіп сейілді деп қуануға әлі ерте. Жоғары жақта су мол көрінеді. 

Ойыл өзені біраз жылдан бері арнасы құрғап экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұрды. 1993 жылы  дәл осылай тасып, аудандағы бірнеше елдімекенді су басып қалған еді.

“Сәуір айының басынан бастап Ойыл өзені тасып жатыр. Қазір сала мамандарының есебі бойынша ауданға 140 млн текше метрдей су келді. Ауылдарды су басудан сақтау мақсатында аудандық жедел штаб құрылған. Үш шақырымнан астам дамбы соғылды, ескі дамбылар қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға 17 арнайы ауыр техникалар тартылды”, –дейді Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.

Талқылау