Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түркияда дәріге деген талас, тапшылық жоқ": Түркияда жүрген журналист бауырлас елдегі ахуал туралы

Түркияда магистратурада оқып жатқан жерлесіміз, журналист Әсел Қайролла пандемиямен күресте түріктерден үлгі алу керек дейді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол түркі халқының карантинді қалай еңсергенін, басынан өткен қызықтарын және өз кәсібін өзге елде қалай дөңгелетіп отырғанын әңгімелеп берді. 

түркия

15 жылға жуық телевизия саласында жұмыс істедім...

Қазақстанда 15 жылға жуық телевизия және пиар саласында жұмыс істедім. Одан кейін екі-үш жылдай білім министрлігінде қызмет атқардым. Алғаш "Алматы" телеканалының жаңалықтар бөлімінде, кейін "НТК", "Қазақстан" арналарындағы бағдарламаларда редактор-журналист, продюсер болдым. Журналистиканы көп қыздар сынды армандағаныммен студияда отырып алып сөйлеу емес, керісінше, сыртта ел мен халықтың арасында жасалатын дүнелер ұнайды.

Бірақ тек қана телевизияда ғана емес, басқа салада да кәсібім болу керегін ұқтым. Бизнестің қыр-сырын, алып-сатуды түрік ағайындар жақсы біледі ғой деген ойда жүрдім. Сәті түсіп Түркияға оқуға келдім. Қазір бұл жақта альтернативті туризм бағытында жұмыс бастап кеттім. Turan.education бағдарламасының негізін қаладым. Тек саяхаттап, теңіз жағасында демалып кету емес, білім алуға шақыру - менің мақсатым. Алдағы уақытта тағы да кеңейту жоспарда бар.

Түркия - төтенше жағдайға еті үйреніп қалған ел

Түркия пандемия кезінде өзін жақсы қырынан көрсетуде. Негізінен Түркия қанша жылдан бері соғыс жағдайындағы ел. Төтенше жағдайлар өте жиі орын алады. Сондықтан ТЖ-ға еті үйреніп, ысылып қалған ел. Пандемияда да қажет шараларды дер кезінде қолға алды. Кемшіліктері де жоқ емес. Демалыс немесе мереке күндері коменданттық сағат жариялады. Алғашында ертең сенбі күні болатын болса, жұма күні кеште президент ертең сыртқа шықпайсыздар деп хабарлай салды. Ал халық азық-түлік алып үлгермеген. Түріктер тамақты өте жақсы көреді. Қалай үйде нансыз отырамыз деп жаппай супермаркеттерді аралап, бір-бірімен төбелесіп кеткен жағдай болды. Бірақ кейіннен алдын-ала айтып отыратын болды. Бір тәртіпке, бір ретке келді. Тәртіп бұзып сыртқа шыққандарға теңгеге шаққанда 150 мың теңгедей айыппұл салды. Былайша айтқанда бюджетті толтырып алды деуге болады. 

түркияТүрік бауырлар бізге үлгі болды

Дәрі-дәрмек жағынан болсын, шетелде жүрген өз азаматтарын елге жеткізу жағынан болсын, Түркия бізге үлгі болды. Мысалы, бізде қазір парацетамол жетіспей жатыр деп, жәй дәріден үлкен шу шығып жатса, бұл жақта ондай нәрселер алдын-ала реттестірілген. Одан кейін түркі халқы бір-бірінен аянып қалмайды. Бір қалаға көмек керек десе болды, барлығы сол жерге жиналып, қол ұшын созады. Бұл жақта да дәрі мен керек азық-түлік қымбаттап кеткені рас. Бірақ дәрігерлердің рұқсатымен ғана  дәрілерді беретін болған соң дәріге деген талас, тапшылық жоқ. Қазір еркін сатылым енді. Күнделікті вирус жұқтырғандар саны азайып келе жатыр.

Жәрдемақыға таласып, жаға жыртқандарды көрмедім

ТЖ кезінде бөлінген жәрдемақы мөлшері ең аз айлықтың 50% құрады. Яғни, 2400 лира ең төменгі жалақы болса, 1200 лира жәрдемақы ретінде берілді. Қазақстандағы egov порталы секілді edavlat сервисі жұмыс істейді. Сол жерде сауалнама толтырады, картасына ақша түседі. Біздегідей аласапыран, шу көрмедім. Жәрдемақыға қатысты тағы бір қызықты оқиға болды. Әкімшіліктегілер себетке салып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратты. Негізінен бұл қайырымдылық шара оппозициялық партияның бастамасы еді. Халық арасында партия аты кең таралып қолдауға ие бола бастаған соң, ол көмекті тоқтатып, заңмен тыйым салды. Кейіннен президенттің атынан деп таратыла бастады.

түркия

Түріктерге қанша ақша тауып, қайдан киінетініңе дейін қызық

Шыны керек түріктердің салт-дәстүрін толық көрдім, білемін дейтіндей той немесе салтанатты жиындарда болып көрмедім. Бір байқағаным, жәрдем бергенді жақсы көреді. Сосын адамның жеке территориясына кіріп, бәрін білгісі келіп тұратын халық. Қазақстанда подъездің алдында отыратын орыс апалар әңгіме қылып отыратыны сияқты бұл жақта апалармен қоса әңгіме сұрайтын аталар да көп. Үйімнің маңында шәйхана бар. Кей кездері сол жерден кіріп таңғы шәйімді іше саламын. Сонда отырған апа-аталар қайдан келгенімнен бастап, қанша ақша табатынымды, қайда жұмыс істейтінімді, тіпті, киімді қаншаға, қайдан сатып алатынымды сұрап кетеді. Тұрмыс құрғансың ба немесе неге тұрмысқа шықпай жүрсің деп жеке басқа қатысты дүниелерді сұрағанда, тіпті, ыңғайсыз. 

Қанша жерден бауыр болса да, саудаға келгенде пайдаланып кеткісі келеді

Түркияда маған ұнайтын нәрсе көп. Теңізі, табиғаты, ауа-райынан бастап, халықтың жұмысқа жауапкершілігі мені қайран қалдырады. Ал отандарына деген махаббатын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ортақ ұлттық мүдде үшін жұмыс жасайды. Ел тағдырына байланысты сұрақ туындағанда өз ішінде қырқысып қалған шенділер көкірек дегенді ысырып қойып, бірігіп жұмыс жасайды. 

Түрік халқының тағы бір ұнайтын тұсы, әсіресе менің айналамдағы түрік бауырлар адамды ұлтына қарап бөлмейді. Олар жаман ұлт жоқ, жаман адам бар деген ұстаныммен өмір сүреді. Осы тұста өзім де сол ұстаныммен жүретіндіктен айналамда өзім сияқты деп мақтанып қояйын (күліп). Сендер біздің атажұрттан келдіңдер, туысқансыңдар деп ерекше мейіріміне бөлеп тұрады. Бірақ саудаласу жағына келгенде мың жерден бауыр болсаң да, біздің шеттен келгенімізді пайдаланып, үстінен ақша көргісі келіп тұрады. Ондай сатушылар бар. 

түркияМені жат елдік деп маска сатпай қойды

Көңіл қалатын сәт те жоқ емес. Түсің бөтен болған соң көшеде ала көзімен қарап, жақындамауға тырысатындары да кездеседі. Бір жолы күнде барып жүрген дәріханаға барып маска сұрасам, жоқ деп сатпай қойды. Сосын маска болмаса басқа дәріні ала салайыншы деп кері бұрылып қайта кіргенімде басқа адамдарға маска сатып жатқанын көрдім. Сосын мен маска сұрағанда есіңізден шыққан шығар деп жұмсартып сұрауға тырыстым. Сөйтсем де масканы сатпадым деп көзімді бақырайтып алдап тұр. Жарайды дедім де ол дәріханадан дәрі алмайтын болдым.

 

Түрік еркектері "Қазіргідей ойлансам, түрік әйелін алмас едім" деп өкінеді

Түркияда әйел құқықтары заңмен қорғалған. Бұл жақта елдің шығысында қыздардың тәрбиесіне баса назар аударады. Түркияда қыздарды бірінші бастауыш, сосын орта мектеп, кейін лицейге түсіреді. Бірақ ел шығысында қыздарын тұрмысқа беру үшін орта мектептен соң үйде отырғызып қоятын жағдайлар бар. Бір өкініштісі, карантин кезінде әйел құқықтары тапталып, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу көбейді. Түркияда да жыныстық зорлық, педофилия көптеп тіркеледі. Әсіресе Шығыс Түркияда. Ал Измир, Анкара, Стамбул, Анталия сынды қалаларында әйелдер мен еркектер теңқұқылы. Тіпті, кейбір әйелдер ыдыс жуып, тамақ істемейді. Еркектер тамақ істеп, үй жинайды. Отбасында тамақты кезектесіп істейтіндері бар. Бір күні әйел істесе, екінші күні күйеуі істейді. 

Түрік әйелдерінің мінездері қазақ қыздарымен салыстыруға келмейді. Көп түрік еркектері, тіпті, үйленгендері де "егер қазіргідей ойласам, түрік әйеліне үйленбес едім" деген өкініштерін айтып жатады. Бұл жақта еркектің үй жинауы қалыпты жағдай. 

 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау