Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі ғасырда Каспийдегі итбалықтар саны 10 есе азайды": Эколог Каспийдегі жалғыз сүтқоректі жануардың жойылып кету қауіпі туралы

Эколог Әсел Баймұқанова - Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі - Каспий итбалығын қорғаумен айналысады. Айтуынша, адамдар жануарлар әлеміне тәуелді, сол сияқты жануарлар да бізден, біз қабылдайтын шешімдерге бағынышты. Эколог осы мәселелерді шешуге қауқарымыз жететініне сенімді. Сондықтан да итбалықтар проблемасымен айналысып жүргенін айтады. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ол зерттеу жолы неден басталғанын, теңіздегі жалғыз жануардың күйі жайлы және Каспийдің басқа қандай экологиялық проблемалармен бетпе-бет келіп жатқанын айтты.

 Әсел, зерттеумен қашан айналыса бастадыңыз?

 Әрдайым табиғатпен үйлесім табатынмын. ШҚО-да Марқакөл жағасында тұрдым. Әкем - ихтиолог (ихтиология - балықтар туралы ғылым - ред.), қорықта жұмыс істейтін, ал анам мектепте мұғалім болды. Балалық шағымызда таза табиғи өнімдерді тұтынатынбыз. Әкем өзінің жұмысы жайлы көп айтатын, ал анамнан ауылдағы балалық шағы жайлы әңгімелерін естіп өстік. Кейіннен әкем Каспий итбалықтарымен жұмыс істей бастады. Олар туралы естісем де, бастапқыда мені қатты қызықтыра қоймады. Университет бітірген соң, немен айналысарымды білмедім. Сол уақытта әкем видеоинженер ретінде жұмыс істеп көруімді ұсынды, себебі мен құрал-жабдықтармен жақсы тіл табысатынмын. Алғаш рет Марқакөлге бардым, содан кейін жыл сайын жазда сирек кездесетін жойылып жатқан - Марқакөл майқаны (ускуч). 

Олардың көлемін есептеп, фильмдер түсірдік. Мен көл жағасында отырып, айналама қарап отырғанды жақсы көретінмін. Кейін бақылаушылар тобына мамандар қажет болды. Өзімді сынап көргім келді, осылайша итбалықтармен жұмыс істей бастадым. 2015 жылы мен алғаш рет итбалықтарды жақыннан көрдім, олардың қаншалықты әдемі, керемет жануар болатынын көріп, таңғалдым. Олардың өте үлкен тұнық көзіне қарап, тынысың тарылады. Көңілге қаяу түсірген сәт торға оралған итбалықтарды көрген кезде болды. Өте нәзік адам болғандықтан, мен бірден жаман нәрселерді елестетемін. Осы көрініс көз алдыма келгенде тынысым тарылып, демалу қиындап кетті. Итбалықтың үсті жаралы болды, қатты зардап шегіп тұрғаны, ауырып тұрғаны көрініп тұрды. Осы жайлы көп ойландым және жануарлар жайлы көбірек білгім келді. 

 Мақсатыңыз қандай?

Менің мақсатым осы жануарларды сақтау. Итбалықтар - Каспий теңізінде мекендейтін жалғыз сүтқоректі және ол қоршаған ортадағы өзгерістерге әсер етеді. Біз жануарларды қорғауымыз қажет, себебі оларға тәуелдіміз. Олар бізден және біздің шешімдерізге тәуелді. Итбалықтармен жұмыс істеп жүргеніме біршама жыл өтсе де, олар жайлы білімімді әлі де жетілдіргім келеді. 

 Каспий теңізінің экологиясын және ондағы жануарларды қорғау үшін қандай шаралар қабылдауны қажет және бұл не себепті маңызды?

- Каспийде проблема шаш етектен. Бұған ауаның ластануы, табиғат құбылыстары, регрессия,  пластик мәселесі де жатады. 

Біріншіден, бәріміз бір жүйенің ішінде өмір сүріп жатқанымызды түсінуіміз керек. Біз теңізге тәуелдіміз: одан мұнай аламыз, балығын жейміз, суын ішеміз. Ақтау тұрғындары Каспийдің суын ішеді, сондықтан бұл - үлкен проблема. 

Екіншіден, біз теңізден эстетикалық ләззат аламыз. Егер теңіз ластанса, одан ештеңе алу мүмкін болмайды. Осы мағынада Каспий итбалығы теңіздегі өзгерістерге өте сезімтал, оған қарап теңіздің жағдайын анықтауға болады.  

– Сіздің негізгі жұмысыңыз зерттеу жүргізу. Аптасына қанша уақыт итбалықтарға арнайсыз?

- Қазіргі уақытта итбалықтардың жүріс-тұрысына байланысты зерттеуді жалғастырып жатырмыз. Түрлі анализдер жүргіземіз және осының бәрі көп еңбекті талап етеді. Ғылыми мақалаларды көбірек оқуға тырысамын, білімімді жалғастыру үшін PhD-ге тапсырып көргім келеді. Кейде күндіз де, түнде де жұмыс істеу керек болады. Сондай-ақ, түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысамын, сөз сөйлеп, сұхбат беруге, түрлі ұйымдармен қарым-қатынасты нығайтуға тырысамын.

 Итбалықтардың мінез-құлқы қандай? Олар өздеріне қамқорлық жасайтын адамдарды тани ма, естерінде сақтай ма?

– Олар мені таниды деп нақты айта алаймын, себебі ол үшін қымбат тұратын әрі ұзақ уақытты талап ететін зерттеу жүргізу қажет.

Олар әртүрлі болады, адамдар сияқты әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі болады. Итбалықтар адамға үйрену үшін олармен бірге тұру керек, зерттеу керек. Адамды иісінен тануы мүмкін, бірақ түріне байланысты тани алмайды. 

Итбалықтардың ішінде бөліп-жаратындарым жоқ. Оларда жыныстық диморфизм (физиолгиялық жағынан жануарлардың аталық не аналық белгілерінің байқалуы - ред.) өте әлсіз екенін ескерсек, бір қарағанда ұрғашы не еркек екенін анықтау мүмкін емес.

 Экологиялық проблемаларды есепке алмағанда, адамдарды осы жойылып бара жатқан жануарға қандай зиян келтіріп жатыр?

 Басты қауіп-қатер факторлары - ластану, климаттың өзгеруі, балық аулау торлары, кеме қатынасы. Одан бөлек, итбалықтарды қорқытып, жердегі мекендерінен қуып жататын кездер де кездеседі. 

Осы жылы тастанды балық аулау торлары мен қоқыстарды жинау бойынша экспедиция жасадық. 5 тоннадан асатын қоқыс жинадық, оның ішінде 3790 келісі балық аулау торлары болып шықты. Итбалықтар осы торларға оралып, азаптанып өледі. 

Тағы бір проблема теңізде табылған микропластикке қатысты. Біздің маман сынамаларды қарап, суда микропластиктің бөлшектері көп екенін анықтады. Олар тек итбалықтар үшін ғана емес, адамдарға да қауіпті. 

 Соңғы уақытта Каспийдегі итбалықтар популяциясы үш есе азайған. Осы мәселе бойынша мемлекеттің қолдауын қалай бағалайсыз?

 XIX ғасырдың басынан итбалықтар саны 10 есе азайды. 2012 жылғы соңғы мәліметтер көрсеткендей, олардың саны 110 мыңға жетеді, ал ресейлік есептеулер бойынша бұл көрсеткіш сәл жоғары - 330 мың түр.

Қазір итбалықтарды сақтау мақсатында мемлекеттен қолдау алып отырғанымыз көмек болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұған жіті назар аудару қажет. Соңғы жылдары Қазақстанда экология мәселелері жиі көтеріле бастады. Мен түрлі экологиялық проблемаларды шешуде біршама өзгерістерді көріп отырмын. Мәселелер шын мәнінде ақырындап шешімін тауып жатқанын айта аламын. Мүмкін, біздің үлесіміз де бар шығар, өйткені осы тақырыптарды тыңғылықты зерттеп, қамтып жүрміз. 

Айта кету керек, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесіп, жобаларымыз үшін мемлекеттен қаржылық қолдау аламыз, мемлекеттік тапсырыс бойынша мақсатты қаржыландыру бағдарламасын орындаймыз.

Ең бастысы, зерттеу жүргізіп, соның негізінде ұсыныстар жасау және осы ұсыныстарды орындау. Итбалықтарды ұрып-соғу жайлы соңғы жағдайлардан соң жануарлардың бұл түрін сақтау бағытында қолдаудың одан да күшейетініне үмітіміз бар. 

Ұлыбритания, Қазақстан, Ресей ғалымдарымен бірлесіп, оларды сақтау және қорғау бағытында 9 ұсыныс жасап шығардық.

Бұл ұсыныстар аясында экологиялық туризмнің жаңа бағытын дамыту үшін Каспий итбалықтарын оның нысаны (туризмнің - ред.) ретінде қарастыру бар. Одан бөлек, бүкіл Каспий теңізінде итбалықтарды коммерциялық жолмен аулауға мораторий жариялау ұсынылып отыр.

Итбалықтардың күз, көктем, қыста жататын табиғи резарваты жасалады деген үміт бар. Қыста олар мұз үстінде көбейеді, ал көктем мен күзде түлейді, демалады. Қазір итбалықтардың түлейтін орындарының біріне назар аударғымыз келеді. 

2015 жылы біз Кендірлі шығанағында зерттеуді бастадық, онда 500 мыңға дейін итбалықтар болды, 2009 жылы бұл көрсеткіш 700 мыңға жетті. Алайда қазір бұл жайылым итбалықтар үшін маңыздылығын жоғалтты, өйткені жабайы туризм орнады. Аңшылар суда жүзетін құстарды атады, балықшылар бекіре тұқымдас балықтарды бөлшектеу базасын ұйымдастырды. Менің ойымша, бұл жерге үлкен назар аудару керек.

 Браконьерлер итбалықтарды аулай ма? Оларды қандай мақсатта пайдаланады? Олардың терісінен бас киім тігеді деп естиміз. "Қара базарда" сата ма?

 Оларды арнайы аулайды деп айта алмаймын. Итбалықтардың жоғалуына балық аулау торлары маңызды рөл атқарады, итбалықтар оған оралып, азаптанып өледі. 

Қазір мұнай компанияларының бірінің бастамасымен торларды жинау мақсатында жоба іске асырылып жатыр. Бұл торларға итбалықтар байқаусызда түсіп қалады.

Браконьерлер мақсатына келсек, тәжірибемізде итбалық майы салынған бөтелкелер тапқан жағдайлар болды. Алайда Ақтау мен Атырау қалаларында жүргізілген мониторингте бас киім табылған жоқ. Итбалықтардың терісін пайдалану жайлы нақты ақпарат жоқ. Ал енді жануарлардың майына қатысты, мұндай жағдайлардың нақты болғанын айта аламын. 

 Каспий теңізінде тағы қандай проблемалар өзекті болып отыр?

 Қазір бізді микропластик мәселесі алаңдатып отыр. Микропластик деген - 5 мм-ге жетпейтін кез келген пластиктің майда бөлшектері. Тасталған балық аулау торларын жинау жобасы аясында Каспий теңізінде осындай бөлшектерді таптық. 

Өкінішке қарай, бұл - үлкен әлемдік проблема, себебі өзінің ұсақтығына байланысты мұндай бөлшектер жануарлар ағзасына өте оңай еніп кетеді, содан кейін адамның ағзасына да кіреді. 

Микропластиктің тірі ағзалар мен адам денсаулығына қаншалықты зиянды екені әлі толық зерттелген жоқ, бірақ пайдасы жоқ екені айдан анық. Мысалы, балық аулау торлары жасалатын синтетикалық моножіптер ешқайда жойылып кетпейді, олар табиғатта сақталып қалады, бірақ судың, желдің және күннің әсерінен олар су мен топырақты ластайтын микробөлшектерге бөлінеді.

Пластикалық қоқыс жиналып, жануарлардың табиғи ортасына еніп кететіні бұл проблеманың өте ауқымды екенін көрсетеді. Мәселен, экспедициялардың бірінде құстар ұяларын салу үшін синтетикалық моножіптерді, пластикалық пакеттердің қалдықтарын және басқа да қоқыстарды қолданатынын білдік. Мұндай қоқыс микробөлшектерге ыдырайды, демек құстар оны тамақпен бірге жұтып қою қаупі жоғары.

Бұл біз айналысатын және зерттеуге тырысып жүрген мәселелер. Тағы бір үлкен мәселе - ақпараттың жетіспеушілігі және терең зерттеулердің жоқтығы болып отыр.

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Талқылау