Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық есік құлпын ауыстырып, кейін сол үйге ұрлыққа түскен

пеш ұрлаған ер адамФото: Жасанды интеллект арқылы жасалған

Жамбыл облысында есік құлпын ауыстырумен айналысатын ер адам өзі қызмет көрсеткен пәтердің бір кілтін алып қалып, кейін ұрлыққа түскен. Ол "ASEL" пешін ұрлағаны үшін 2 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соттың мәліметінше, оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында болған. Жәбірленуші WhatsApp мессенджерінде пәтердегі есік құлпын ауыстыру керек екенін айтып, хабарландыру жариялаған. Бұл хабарламаны көрген К есімді азамат жұмысын істеп беруге келіскен. Ал жәбірленуші оған қажет құлыпты сатып алуды сеніп тапсырған. Жаңа құлып орнатылғаннан кейін К жәбірленушіге 5 кілттің 4-еуін беріп, бір кілтті өзінде қалдырған.

Ал кейін 2026 жылдың қаңтарында ол өзіне алып қалған кілттің көмегімен пәтерге заңсыз кіріп, "ASEL" маркалы пешін ұрлап кеткен.

“Жамбыл облыстық соты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен (тұрғын үй-жайға заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық) сотталған азамат К-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады. Бірінші сатыдағы сот өкініш білдіруін және залалды ерікті түрде өтеуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сарысу аудандық сотының үкімімен оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген сот хабарламасында.

Алайда қорғаушы тарап сот үкімімен келіспей, оған шағымданды.

“Істің материалдарын зерттей келе, апелляциялық алқа үкімді жаза бөлігінде өзгертті. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқаның қаулысымен 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза 2 жылға дейін төмендетілді”, – деп хабарлады сот. 

Үкім заңды күшіне енген. 

STAN.KZ
Жұма, 10 Сәуір, 2026 14:09