Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заңгер, психолог пен басқа да мамандар қолдау көрсетеді: Қиын жағдайға тап болған қазақстандық әйелдер қайда жүгіне алады

Еліміздің әр аймағында қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған күйзеліс орталықтары бар. Мұндай мекемелердің көмегіне баласымен бірге далада қалған аналар жүгіне алады. Жарты жыл бойы тұрақты түрде психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіп, әйелдердің аяққа тік тұруына сеп болатын осындай орындардың бірі – “Асар” күйзеліс орталығы. Мекеменің жұмысы жайлы орталықтың үйлестірушісі Бану Шалабаева Stan.kz тілшісіне айтып берді.

– Бану ханым, орталықтың жұмысы мен мақсаты жайлы айтып берсеңіз. 

– Бұл орталық 2017 жылдың тамыз айында ашылған. Осы жылы бізге 5 жыл толды. “Асар” орталығы өмірде қиын жағдайларға тап болған аналар мен балаларға арналған. Біз толыққанды емес отбасының мүшелеріне көмектесеміз. Орталық балаларды өзінің биологиялық  отбасында дұрыс тәрбиеленуіне қолдау көрсету және денсаулығын қорғау мақсатында ашылған.

Біздің мекеменің қызметіне 3 айдан 6 ай аралығына дейінгі уақытқа тұратын жерге орналастыру кіреді. Талаптарға келетін болсақ, 2 жастан 10 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Орталыққа қабылдар алдында ол отбасының шынымен көмекке мұқтаж екенін анықтау үшін арнайы топ құрып, барып жағдайларын көріп келеміз. Осылайша расында ауыр мәселеге тап болған әйелдерге, табысы төменгі өмір сүру қаражатынан аз жандарға, асыраушысынан айырылғандарға, үйі құжаттары жоқтар мен жағдайы ана құқығынан айыру бойынша тәуекелде тұрған жандарға қол ұшы созылады.

Біз қиын жағдайда қалған отбасылармен жұмыс істегендіктен, олардың біздің орталықтан кеткен соң өз-өздерін асырай алатындай деңгейде болуына күш жұмсаймыз. Көбіне біз отбасының ұйымшыл болып, бірігуіне, туыстарымен қарым-қатынасының үзілмеуіне және әйелдердің өзін қамтамасыз ете алуына аса мән береміз. Бұл дегеніміз отбасында әйелдің міндетті түрде жалға болса да пәтері мен жұмыс шарты бар болуы қажет. Бізде әйелдердің ата-анасына қайта оралуы, екінші рет тұрмысқа шығуы мен бұрынғы жарымен қайта қосылу оқиғалары болды. 

Дегенмен орталықтан шыққан әйелдер өз-өзін қаматамасыз ететін деңгейде кететіндіктен, екінші рет біз оларды қабылдай алмаймыз. Бізге бес жылдан бері “Samruk-Kazyna Trust” қоры қолдау беріп келеді.

– Қиын жағдайға тап болған әйелдер сіздердің көмектеріңізге қалай жүгіне алады?

– Бізге әйелдер әлеуметтік желі арқылы немесе телефон соғу арқылы жүгіне алады.  Оларды ең бірінші әрине 3 айдан 6 айға дейінгі уақытша тұрғылықты жерге орналастырамыз. Осы уақыт аралығында толық емес отбасының отанасына әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бізде тұруға байланысты өз ережелеріміз жазылған келісімшарт бар. Сол бойынша барлығы тәртіп аясында болады. Өйткені біз ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің аймағында орналасқанбыз. Сондықтан бізге келер алдында олар бірінші қажетті құжаттарды жинауы тиіс.

  • психотериялық диспансер;
  •  наркологиялық диспансер;
  • тубдиспансер анықтамасы;
  • медициналық анықтама;
  •  қазіргі жағдайға байланысты ПЦР тесті әкелуі тиіс.

Біз бұл құжаттарды Egov.kz порталынан да ала аламыз. Кейін орталыққа келген ананы тіркеп, келісімшартқа отырамыз. Осылайша ол бізде тұруға рұқсат алады. Алғашқы 5-7 күн аралығында біз әйелдерге өз-өзіне келуі үшін уақыт береміз.

Одан кейін психологтың жұмысы басталады. Психолог аналармен қалай жұмыс істесе, балалармен де дәл солай қызмет атқарады. Әйелдерге топтық қабылдаулар жүргізілсе, балаларға даму бағытында сабақтар өткізіледі. Ата-ана мен балалардың қарым-қатынасын жақсарту мақсатында да түрлі тренингтер жүргізіледі.

Заң жағынан да көмек, қолдаулар қарастырылады. Нақтырақ айтқанда құжаттарды қалыпқа келтіруде, арыз, шағымдарға байланысты және біздің заңгеріміз ажырасу істері бойынша да қызмет көрсетеді.

Медициналық көмекке келетін болсақ, көбіне балалардың денсаулығына басым назар аударамыз. Сондықтан жанымыздағы “Балалар ауылы” атты үйге уақытша тіркеуге қоямыз. Соның арқасында кейін біздің мекен-жайымызға жақын ауруханаларға қаралу мүмкіндігі болады. Егер олар тіркеуде болса, сол ауруханадан тегін медициналық көмек алады. Және балаларды балабақша, мектепке апару үшін керекті анықтамаларды да сол жерлерден алуға болады.

Толыққанды емес отбасы мүшелеріне арнап біз аптасына бір рет азық-түлік себеттерін, балаларға алғашқы көмек көрсетерде қажет болатын дәрілер мен киімдер жібереміз.

– Аналардың аяққа тік тұрып кетуі үшін қалай көмектесесіздер?

 Әйелдер орталығымызда арналған “Мықты аналар мен мықты балалар” атты халықаралық тренингке қатысады. Бұл жерде оларға отбасындағы балалармен туындайтын мәселелерді қалай дұрыс шешуге арналған жолдар көрсетіліп, жасөпірімдік кезеңде баланы тыңдау мен оған көңіл бөлу тақырыптары қарастырылады. 6 ай мен 3 ай уақыт аралығында бізде ата-аналар клубы өткізіледі. Бұл жерде олардың әлеуметтік төлемақылар алуы мен түрлі заңға байланысты білуге тиіс дүниелерді ұғындыру үшін мемлекеттік ұйымдардан, емханалардан, мамандар шақырылып, кездесулер ұйымдастырамыз. 

Сонымен қатар бізде әйелдерге оқу бойынша қызметтер қарастырылған. Егер анасының дипломы бар, бірақ мамандығы бойынша бұрын жұмыс істемеген болса, сол сала бойынша қосымша курстарға қатысуына мүмкіндік қарастырамыз. Бірақ оның да қосымша жұмыстар алып жүруіне қалауы болуы шарт. Аталған курс бойынша оларға сертификат пен диплом табысталады. Сол арқылы олар өз бетінше жұмысқа тұруға мүмкіндіктер қарастыруы керек. Бұл жерде біз аналарға тек жол нұсқап демеу көрсетеміз, ал қалғанын әйелдердің өзі талпынып әрі қарай алып кетуі қажет. 

Ал балаларды өзімізге жақын аймақта орналасқан мектептерге береміз. Мектепке дейінгі дайындық мекемелеріне де жіберу қарастырылған және келісімшарттар арқылы балалар балабақшаға да жіберіледі. Біз олармен жұмыс барысында тілі мен сөйлеуінде белгілі бір кемшіліктер байқасақ, жасына байланысты әлі де сөйлеуден қиналатындар бар болса, оның тілін анық әрі түсінікті ету үшін дефигтолог маманына, логопедке апарып, көрсетіп аламыз.

 – Қазір орталықта қанша ана мен бала тұрып жатыр? 

– 2017 жылдан бастап қазіргі күнге дейін біздің орталықтан 61 ата-ана мен 110 бала шықты. Ал дәл қазір бізде 5 отбасы мен 8 бала қарамағымызда. Біздің мекемеде 6 толық емес отбасыға арналған орын есептелген. Ортақ ас үй, зал мен әрбір толық емес отбасыға арналған жеке-жеке бөлмелер бар. Мұнда әрқайсысында ыстық, суық суымен жуынатын бөлмелер, төсек орындары, шкаф сөрелері мен оларға керекті дүниелердің бәрі қамтамасыз етілген. 

– Орталықтан кеткен отбасылардың алдағы өміріне сіздердің тараптан қолдау бола ма?

– 6 ай өтіп, орталықтан кеткен отбасыларға кейін жарты жыл көлемінде бақылау жүргізетін боламыз. Мұның барлығы отбасының өз-өзімен кетуге шамасы келді ме, біздің демеуімізге әлі де мұқтаж емес пе, соны білу үшін тексеріледі.

Кей кездері біздегі тұратын жерге жайғастырылмаса да психологиялық және заң тұрғысынан қол ұшын созатын да отбасылар бар. Орталық арқылы көмек алып бүгінде еңбектеніп, алға қадам басып жүрген аналар да жоқ емес. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 26 Сәуір, 2022 12:45
Талқылау