Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте тағы бір науқастың өліміне дәрігерлерді кінәлады: Марқұм қайтыс болар алдында аудиохабарлама жіберіп үлгерген

Өз аяғымен ауруханаға барған Жолдасбеков Өмірханды, комаға түсті деп қараусыз қалдырған дәрігерлердің бұл салғырттығы оның өліміне әкеліп соқты. Соңғы демі қалғанша, ақ халаттылардан ем сұрап, жәрдем күткен азамат зәру болған емін күтпестен, көз жұмды. Әкесінен айырылып, қанжылаған қызы Жадыра Жолдасбекова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне істің мән-жайын айтып берді.

- Әкеңізді "Асар" ауруханасына бірден қабылдады ма?

- Бастапқыда әкем Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарабұлақ аудандық "Сапа"  провизорлық орталығында жатты, алайда провизорлық орталықтың жабылуына байланысты әкемді "Асар" ауруханасына өзіміздің көлігімізбен апардық. "Сапа" ауруханасынан сатурациясы 92 болып шығып, жолда шыдап, "Асарға" жеткенше сатурациясы 52-ге төмендеп кетіпті. Ауруханаға келе салысымен, оны реанимацияға жатқызды.

Бізде реанимацияда басқа науқастардан бөлек жатқызбай, коронавируспен ауыратын адамдардың арасына жатқызып қойды ма деген күдік бар. Әкем "Сапада" екінші анаммен бірге жатқан еді, ал "Асарда" екеуі екі бөлек жатты. Екінші анамыз қарапайым палатаға, ал әкем реанимацияға жатқызылды. Содан кейін дәрігер екінші анамызға: "Күйеуіңіз келе саласымен комаға түсті, біз ештеңе істей алмаймыз", - деген екен. Ал әкемнің қолында ұялы телефоны болды, ол бізге дауыстық хабарлама жазып үлгеріпті, оны кейін білдік. Соған қарағанда, дәрігерлер әкемнің қолында ұялы телефон болғанын білмеген көрінеді, өйткені әкем біздің хабарламаларды да оқыған. 

- Бастапқыда әкеңіздің жағдайы қандай болған еді?

- Ауруханаға түскенде сатурациясы төмен болғанымен, ауруханаға ол өз аяғымен келді. Бір күні түнде аузындағы маскасы түсіп, қолын созып ала алмай, көмек сұрап, ешкімге айта алмаған. Шамасы болмағандықтан, демала алмай, қиналып қалған. 

"Сападан" алып келген компьютерлік томографияның суреті болған, сурет бойынша, әкемде пневмония екені анықталған. "Асарда" дүйсенбі күні компьютерлік томография түсіреміз деген, алайда жағдайы нашарлап кеткен соң ИВЛ-ге қосқан. Әйелі ауруханадан шыққан кезде выпискасын, ештеңесін бермей қойыпты. 

- "Асарда" дәрі-дәрмек, медициналық жабдық толықтай болды ма?

- "Асарға" барғанымызда дәрі керек пе, алып келейік пе деп сұрған болатынбыз, алайда бізге бәрі жеткілікті, бәрі жақсы деді. Алайда әкемді бірден ИВЛ аппаратына қоспай, қараусыз қалғандықтан, жағдайы нашарлап кеткен. Әкемнің көз алдында қаншама адам өлген. Оны көрген науқас әкем, мен де өлемін деп үміті үзілген. Біз оның бәрін білмейтін едік, алайда оның аудиохабарламасын естіген соң бәрі түсінікті болды. Өкініштісі, хабарлама бізге кейін келді. Хабарламаны алғаннан кейін, бізде әкем қараусыз қалды деген күдік туындады. 

- Дәрігерлер не дейді?

- Дәрігерлердің айтқаны мүлдем ақылға қонбайды, өйткені олардың айтуларынша, әкем келе салысымен комаға түскен, ал комада жатқан адам қалай хабарлама жазады? Біз дәрігерлерге оның комаға түспегенін айттық. Дәрігерлер үндемей отыр. 

- Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Менің әкем журналист болған, оның бастығына жазып, бұл жайлы хабарлай аламыз ба деп едім, дәлелдерді көрейік деп айтты. Ал менде аудиохабарламадан басқа ешқандай дәлел болмай тұр. Адвокатпен сөйлескенімде, бұл хабарлама ешқандай дәлел бола алмайды дейді. Әкемді комаға түсті деп айтқан дәрігер олай айтпадым деп, мойындамауы мүмкін ғой. Ал бейнебақылаудағы жазба 10 күнге ғана сақталады екен. Оны алу үшін прокуратураға жазу керек. Мен күні кеше ғана сәбилі болған соң үйден шыға алмаймын, әкемнің әйелі әлі ауырып жатыр, бұл іспен айналысатын ешкім жоқ. Прокуратураға онлайн жазып көрейін деп отырмын. 

- Бейнебақылаудағы жазба жоғалып кетеді, деп қорықпайсыз ба?

- Бейнебақылаудағы жазбаны өшіріп тастай ма деген қорқыныш, әрине бар, сонымен қатар 10 күн ішінде үлгереміз бе деген ой да бар. Басқа бізде ешқандай дәлел жоқ. Әкемді енді қайтара алмаймыз, біздің басты мақсат басқа адамдарды осындай жауапкершілігі төмен дәрігерлерден құтқарып қалу, себебі көптеген адамдар коронавирустан, пневмониядан емес, салғырттықтан көз жұмып жатыр. 

Ол ауруханада ауыр хәлде жатқан адамдарға қарамайды, аттап өтіп кете береді деген әңгімелерді естіп жатырмыз. Дәлел жоқ, бірақ сондай әңгімелер бар. Әкем бұл жерге өз аяғымен келді, ал дәрігерлер оған қарамай қойды. "Асарға"  31 шілде күні түсіп, 4 тамыз күні көз жұмды. 

 

 

Сұхбаттасқан: Сабина НҰРҒАЛИ

Талқылау