Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмірге өкпем жоқ": Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің соңғы сұхбатында не айтты

Асанәлі Әшімовтің өмірі жайлы не білемізФото: https://www.instagram.com/assanali.ashimov

Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің “Qazaqstan” телеарнасының “1001 түн” бағдарламасына берген сұхбаты өткен жұмада эфирге шыққан еді. Бұл актердің соңғы сұхбаты болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер сұхбатында өміріне өкпесі жоқ екенін алға тартты.

“Өмірге өкпем жоқ. Қаншама қиындық болды. Адамның басына келетін дүние болды ғой, сондықтан “Жан бөлек” деген кітап жазып шығардым. “Шығарда жаным бөлек” дейді қазақ. Олармен бірге кете алмайсың, жаның бөлек. Тірі адам тіршілігін жасайды”, – деді ол.

Сондай-ақ өнер иесі марқұм ұлын есіне алып, көзіне жас алды.

“Ұлдарым түсіме өте сирек кіреді. Бір күні ауруханада жатқанымда, таңғы ем шараларға баруым керек болған. Ұйықтап қалыппын. Сағат сегізде тұруым керек еді.  Сағидың “аға!” деген саңқ еткен даусын естіп, оянып кеттім. Сағатқа қарасам, емге баратын уақыт болыпты. Емделуден кеш қалмасын деп оятқаны ғой. Ұлдарым менің інілерімдей болды, өйткені оларды шешей тәрбиеледі. Мені “аға” деді, Майраны “тәте” деді. Мектебіне барып, сабағына қатысып, ондай болмады. Кейін кеткен соң, өкінемін ғой. Ең болмаса беттерінен бір рет сүймеппін”, – деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін актер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов дүниеден өткені хабарланған еді.

Қазақ өнері қара жамылды: Театр және кино өнерінің аңызы Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 12:34