Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Асабалар шоу жасаймыз деп, шекарадан асып барады": Қазақстандықтар беташардың жаңа стиліне наразылығын білдірді

Кейінгі уақытта шоу жасаймыз деп түрлі жоралғының құны арзандап кеткен сыңайлы. Әлеуметтік желіде әлсін-әлсін жас келіннің бетін ашу арзан күлкіге айналғаны жайлы видео тарап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақтың тойында жарасымды әзіл мен салт-дәстүрге қашан да қатар орын бар. Бірақ, кейінгі уақытта келіннің бетін ашу дәстүрі осындай арзан әзілге бет бұрғандай. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі "өзгелер бізді мазақ қылса атой саламыз, бірақ алдымен өз ішімізді түзеуіміз керек" деп күйінеді.

"Оны осындай шоуға айналдырудың қажеті жоқ. Мүлде болмайды. Рұқсат емес. Басқа не істесе оны істесін. Бірақ ұлттық салт-дәстүрге тимесін. Оны салт-дәстүрді бұзуға, жалпы бұрыннан қалыптасқан қағидаларын олай келеке етуге, мазаққа айналдыруға ешкімнің қақысы жоқ", - деді ҚР президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, журналист Асхат Садырбай.

Дәулеткерей Кәпұлы шоу-шоу деп жүріп бағзы дәстүрдің құнын көк тиын қылып алмау керек екенін айтады. Әр нәрсенің өз орны мен жөні бар екенін еске салады ақын.  

"Мұндай шынайылық жоқ. Сосын екінші бір байқағаным қазіргі беташарда менің кейбір ақын бауырларымның өзі, кейбір әріптестер беташарға келген бір қалталы кәсіпкер болса, соны айналдырып, бірнеше рет ақша салғызу үшін сайқымазақтыққа айналып келе жатыр. Бүгінгі шоумендер, той шоуға айналып бара жатыр ғой. Асабалар шоу жасаймыз деп, шекарадан асып
түсіп жатады. Осы жерде адамның көңіліне келетін нәрселер бар", -  деді әдебиеттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы.

Сонымен қатар, арна тілшілері, беташардың жаңа стиліне қатысты елорда тұрғындарын да әңгімеге тартты. 

"Беташар ол қазақтың салт-дәстүрі. Қазіргі кезде шоу ретінде істеледі. Бірақ, ол дұрыс емес әрине", "Ата салты беташар деген. Сол беташарды мазаққа айналдыруға болмайды әрине. Қайта ұлағатты, жастарға үлгі болатындай сөздер айтылуы керек", "Жоқ дұрыс емес деп есептеймін. Қазақи ұлттық нақышта өтуі керек қой негізі", - деді қала тұрғындары.

Қазақ қандай той ұйымдастырса да ырым-жоралғы, салт-дәстүрден айнымайтындай етіп өткізіп беремін деп жүрген асабалардың бірі  - Серік Жұмабек. Ақын той тек ішіп-жеу емес, тұтас мәдениет, одан қалды тәрбиенің тал бесігі еді ғой дейді.

"Сол дәстүр біз білетіндей, көрермен көріп жүргендей сәл дарақылыққа басымдық беріп жатқандай. Бабадан балаға, бағзыдан бүгінге жеткен дәстүр өз қалпында, өз биігінде қалуы керек. Десе де той бастарып, тізгін ұстап жүрген бірер азаматтар бұл дүниені шоу жасаймыз деп қазақы дәстүр, танымнан алыстатып жатқаны жасырын емес. Бұл жағы көңілге қорқыныш ұялатады. Енді-енді таным-түйсігі қалыптасып келе жатқан жас ұрпақ мұны көргенде беташардың бала үшын салмағы да маңыды болмауы мүмкін", - деді асаба Серік Жұмабек.

Талқылау