Декрет әлемінен – бизнес әлемге: Іскер ханымдар құпияларын бөлісті
Астанада "Ұлттық өнім" көрмесі өтті, ол биыл сегізінші мәрте қазақстандық өндірушілердің басын қосты. Шағын кәсіп иесі Мария Липина көрмеде өнімдерін таныстыру үшін Степногорск қаласынан арнайы келген. Ол майшам, әтірлер, үйге, автокөліктерге арналған хош иісті бұйымдар әзірлейді. Марияның қолынан шыққан өнімдерге Қазақстаннан бөлек, Еуропа елдерінен де жиі тапсырыс түседі екен. Stan.kz тілшісі көрмені аралап, отандық өндірушілермен сұхбат құрып қайтты.
Декреттік демалыс көптеген ананың сүйікті ісін табуына себеп болып жататыны бар. 39 жастағы Мария ұлын дүниеге әкеліп, декреттік демалыс кезінде шағын кәсібін бастаған. Сібірде дүниеге келген ол Қазақстанға отбасымен 7 жасында қоныс аударыпты. Қаржы саласы бойынша мамандық иесі атанып, Астана, Степногорск қалаларындағы екінші деңгейлі банк бөлімшелерінде табысты қызмет атқарған.
"Бала күннен шығармашылыққа, қолөнерге жақын болдым. Бірақ оқуды бітіріп, қызметке араласқан соң сүйікті ісіммен айналысуға уақытым болмады. Декреттік демалыста бала күнгі қолөнермен айналысу туралы арманым ойыма оралды. "Іздегенге – сұраған" деп алдымнан майшам әзірлеу курсының жарнамасы шыға келді. Бірден сол курсты сатып алып, оқуға кірісіп кеттім. Курсты бітірген соң аз көлемде түрлі майшамдар әзірлеп, әлеуметтік желі арқылы сата бастадым. Біртіндеп сұраныс та, табысым да арта бастады", - дейді Мария Липина.
Сүйікті ісін тапқан келіншек банктегі қызметіне оралуды ойламаған да, несие алып, ас бөлмесінен шеберхана жабдықтап, шағын кәсібін одан әрі кеңейуге кірісіп кетеді.
"Банктегі қызметіме қайтып оралғым келмеді. Оның орнына КМF-тен бір миллион теңге несие алып, шағын кәсібімді жолға қоюға кірісіп кеттім. Бұл іс мені шабыттандырады, энергиямды арттырады, нағыз әйелдерге арналған іс дер едім", - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Мария Липина
Майшам, хош иіс шығаратын бұйымдар дайындаудың қыр-сырын жетік меңгеріп алған Мария қазір бұл істі айналасындағы қыз-келіншектерге үйретуді қолға алған. Ол бүгінде арнайы курс ашып, Астана мен Степногорскте шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, жас кәсіпкерлерге бизнес жүргізу, мемлекет тарапынан берілетін көмектер турасында ақыл-кеңесін беріп жүр.
"Бұл істі кез келген адам меңгере алады. Алайда бұл бұйымдарды әзірлеуге қажет материалдар елімізде табыла бермейді, бағасы да қымбаттау. Сондықтан бастапқыда біраз шығындануға тура келеді", - дейді ол.
Мария кәсібіне қажет материалдарды танысы арқылы Америкадан алдыратынын айтады. Ал оның хош иісті өнімдері бүгінде жерлестерімен қатар, шетелдіктерге де қуаныш сыйлап келеді.
Тағы бір іскер ханым Регина Өмірбекова да Мария сияқты шағын кәсібін декреттік демалыста жүргенде қолға алыпты. Оның Astafiori тауар белгісімен шығарылатын тастан және гипстен жасалатын сәндік бұйымдары, дизайнерлік жиҺаздары бүгінде Бас қаланың ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінің де қонақүйлері мен дәмханаларының сәнін келтіріп тұр.
Регина Өмірбекова
Астанада туып-өскен Регинаның негізгі мамандығы – аудармашы. Ол ағылшын, испан, италиян тілдерін меңгерген. Бала күнінен тіл үйренумен қатар, қолөнер бұйымдарын әзірлеуге құмар болғанын айтады.
"Бала кезімнен шығармашылықты, қолдан бұйым жасағанды жақсы көретінмін. Ата-анам да бетімнен қақпай, еркін өсірді. Тұңғышымды өмірге әкелген соң балалар тауарын сатумен айналыстым. Ал екінші балама жүкті кезде шығармашылықпен айналысып, қолдан бұйым жасап шығарғым келді де, флористиканы ермек ете бастадым", - дейді Регина.
Регина кәсібін гипстен құмыра жасау ісінен бастаған. Кейін өніміне сұраныс артып, декораторлардан түрлі тапсырыстар түсе бастағанда дизайнерлік бұйымдарды қайта өңделген картон, төрт түрлі тегістеуіш пен желім қосып жасалатын папье-машеге ұқсас материалдан әзірлеуді қолға алады.
Ізденімпаз келіншек кәсібін жолға қойып алғанша аянбай төр төгеді. Сұраныс арта бастағанда шеберхана ашып, екі көмекші алады.
Регинаның жолдасы да жеке кәсіпкер. Ерлі-зайыпты кәсібін кеңейту үшін KMF-тен 14 млн теңге көлемінде бизнеске арналған несие алып, металдан бұйымдар әзірлейтін цех ашыпты.
"Цехтың жұмысын негізінен жолдасым жүргізеді. Олар құрылыс компанияларына металл құрылымдар әзірлеп берумен айналысады. Дизайнерлік жиҺаздарға тапсырыс түскенде маған көмекке келеді. Осы орайда KMF менеджерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Жеке кәсіпкер болғандықтан несие алу жағы қиындау болды. Осы кезде KMF мамандары көмекке келіп, кәсібімізді кеңейтуге мүмкіндік алдық", - дейді Регина.
Айта кетейік, "Даму" қоры ұйымдастырған "Ұлттық өнім" көрмесінде 350 отандық компанияның өнімі таныстырылды. Көрмеге тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар өндірісі салаларындағы тауарлар қойылды.
Бір қызықты айтайық, көрмеге демеуші болған KMF компаниясының алаңынан Тазы бейнесін аңғардық. KMF және Тазы, оларды не байланыстырады? Бұл сұрақтың жауабын келесі материалымыздан білетін боласыздар.

Бір бөтелкеге 27 мың теңге төлеген: Қазақстандық Duty Free-ден алынған тауарды қолжүгіне қосып есептеген FlyArystan компаниясына шағымданды
