Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Арзандатылған жағармай бағасы арзан болмай тұр» – ақтөбелік шаруалар «AMANAT» жанындағы Кеңесте жанайқайын жеткізді

Елімізде шаруаларға жеңілдікпен берілетін дизель отынының бағасы Ресейдегі жанармай құю бекетіндегі бағадан да қымбат. Бұл туралы "AMANAT" партиясында Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту мәселелері бойынша өткен кеңес барысында айтылды.

Кәсіпкерлер сұрақтарды тікелей қойып, жауап алуы үшін жиынға құзырлы  ведомстволардың вице-министрлері мен комитет басшылары арнайы шақырылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың мал азығын дайындауға субсидия беру, күзгі жиын-терінге арзан бағамен жанар-жағармай алу, жайылымдық және шабындық жер тапшылығы сияқты т.б. сұрақтарына жауап берді.

Әсіресе, аймақтағы шаруаларды жанар-жағармай бағасының шарықтауы алаңдатып отыр. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының шаруалары арзандатылып берілетін жанар-жағармай бағасының арзан болмай тұрғанына наразылық білдірді. "БҚО фермерлер қауымдастығы" Бөрілі аудандық төрағасы Бақыт Далабаев көктемгі егіс жұмысына литрін 211 теңгеден алған жанармайдың бүгінде 259 теңгеге көтерілгенін айтты. Ал ақтөбелік шаруалар жеңілдетілген дизель отынының тоннасын көктемде 222 мың теңгеден алса, қазір оның бағасы 284 мың теңгеге қымбаттағанын жеткізді. Яғни, арзандатылған жанар-жағармай бағасы бір жылдың ішінде 25%-ға көтеріліп отыр. Ақтөбе Фермерлер қауымдастығының басшысы Марлен Баймағамбетовтың айтуынша, арзандатылған деген дизель отынының бағасы арзан болмай тұр. 

"Қазіргі таңда дизель отыны былтырғы жылмен салыстырғанда 40%-ға қымбаттады. Бұл қандай мемлекеттік қолдау? Мәселені жақын арада шешпесе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ұлытау облыстарының шаруалары көшеге трактормен шығуға мәжбүр боламыз. Қазір Ақтөбеге 3000 тонна дизель отыны келді, бізге берген баға – 265 теңге. Бұл біз үшін қымбат. Ресейде 206 теңге тұратын жанар-жағармай бізде – 265 теңге. Осы мәселенің шешімін тауып беруіңізді сұраймыз", - деді ол.

Осы орайда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек мәселенің негізінен Энергетика министрлігіне қатысты екенін алға тартты. 

"Ал арзандатылған жанар-жағармайдың көлеміне қатысты мәселе жоқ. Көлем толық бекітілді – 426 мың тонна. Батыс Қазақстан облысына бекітілген көлем былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп. Тек бекітілген көлемді ешқандай облыс алмай отыр. Себеп – баға қымбат. Қазіргі таңда жанар-жағармайдың нарықтағы бағасы 295 теңге болса, арзандатылған жанармайды Қостанай облысының шаруалары – 283, Ақмола облысы – 275, СҚО 276 теңгеден алып отыр. Көршілес Ресейдің ЖЖҚС-да 257-260 теңгеден сатылып жатыр. Яғни, біздегі жеңілдетілген жанар-жағармай Ресейдегі ЖЖҚС-дағы бағадан қымбат. Біз өз тарапымыздан бұл мәселені көтердік. Энергетика министрлігі түбегейлі бас тартты. Содан кейін Прьемер-министрдің атына хат жолдадық",- деді вице-министр.

Өз кезегінде партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев күзгі орақ науқаны мен мал азығын дайындау үшін арзандатылған бағамен берілетін жанар-жағармайдың бағасына қатысты шаруалардың жанайқайын арнайы хат арқылы Энергетика министрлігіне жеткізетінін айтты. 

Жалпы, бұл кездесу "AMANAT" партиясының жанынан шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және шешу, салалық бизнес-қауымдастықтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты күшейту, өткір тұрған түйінді мәселелерді жедел шешу бойынша арнайы алаң құруға бағытталды. Жиын соңында партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Кеңестердің осындай жаңа форматтығы отырысы аймақтарда да ұйымдастырылатынын атап өтті. Ал бұл жиында көтерілген барлық мәселе мен талап-тілектер өз шешімін табуы үшін құзырлы органдарға жолданады.