Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Менен қателік кетті

Өткен аптада қоғамдық кеңес алдында есеп берген кезде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы зиялы қауым өкілдерінің білім және ғылым министрінен үш тілді оқытуға қатысты өзгерістерді енгізбеуді жалынып тұрып сұрағаны жайында айтқан болатын. Журналистерге сұхбат берген министр сөзінен жаңылысып қалғанын жеткізді.

98c977639b1f9b928cd136630f6c6dee

Сурет shalkarfm.kz

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

“Бір жиналыс болды, шыны керек. Міне, Мырзатай (Жолдасбеков – авт.) ағамыз отырды, Нұрлан Оразалин отырды. Менің коллегам (білім және ғылым министрі – авт.) отырды. (Ағалалар – авт.) жалынып тұрып айтты, осы үш тілдікті асықпайықшы деп, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін әзірше қоспайықшы, тұра тұрайық деп. Алдымен филологияны реттеп алайық. Әдебиетті…Бір сағат екеуі екі жақтан жалынды. Жоқ, қоймай, ендігі аптада заң қабылдаймын, сүйтем-бүйтем деді. Қазір енді көріп тұрсыздар, Елбасы үш тілдікті де тоқтатты, 12 жылдық бар, жаздық каникул бар. Әрине, ойы дұрыс. Бірақ соны ақылдаспай шешемін дегені кері әсерін тигізіп жатыр”, – деген болатын А.Мұхамедиұлы.

Бүгін халық алдындағы есеп беру кездесуінен кейін журналистерге сұхбат берген А.Мұхамедиұлы сөзінен жаңылысып кеткенін мойындап, үш тілді оқыту жүйесі талқыланған жиналыста білім және ғылым министрінің болмағанын жеткізді.

“Ол…Біз…әдебиетте…кездесуіміз болды. Енді, шын айтқанда, ол үлкен кездесу болды. Бұл жерде, былайша айтқанда, білім және ғылым министрлігінің…үлкен…несі..енді, бұл образдық болды. Депутаттармен отырғанда біз ойладық ол кісі (білім және ғылым министрі – авт.) де отырған деп. Былай келгенде…ол жерде білім және ғылым министрі жоқ болды. Енді, мен ол жерде, былайша айтқанда, қателік жібердім… Жоқ, оны неғып тұрғаным, бізде үлкен жиналыс болды. Бізге (білім және ғылым министрі – авт.) отыр деп айтты. Енді үлкен зал, қараған жоқпыз. Негізі, біздің академиктеріміздің сондай ұсыныстары болды. Қазіргі кезде қазақ тілі мен әдебиетті біріктірмейік деген…Нұрлан Оразалин, Мырзатай Жолдасбеков осы жерде… Сұрасаңыздар болады”, – деді Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ министр президенттің үш тілді оқыту жүйесін тоқтатты деген сөзіне түсініктеме берді. Осы орайда ол алдымен президенттің үш тілді оқыту бастамасына қатысты сөзін келтіргенді жөн көрді.

“Білім және ғылым министрлігінің үш тілді оқыту мен оқу жылын ұзартуға қатысты адамдардың сұрақтары көп екенін білемен. Осыған байланысты Үкіметке қоғамдық пікірді жан-жақты зерделеп шығып, Тамыз кеңесін осы мәселені талқылау алаңы ретінде пайдалануды тапсырамын. Меніңше, жұмыс дұрыс бағытта атқарылып жатыр”, – деген болатын Назарбаев.

“Демек, Елбасының айтуынша, біз Тамыз кеңесі арқылы үш тілдікті әзірше ойластырумыз қажет. Мен сөзбе-сөз болған затты айттым”, – деді ол.

Айта кеткен жөн, министр Мұхамедиұлы үш тілді оқыту мәселесінен кейін халықтың көңілі өзгеріп кетті деген сөзінен де бас тартқан жоқ. Бұған дейін ол: “Тіл саясатын дамыту оңай емес. Шынын айту керек, жер мәселесі қозғалардың алдында үш тілдікке қатысты қозғалыс болған. Сол кезден бастап өзіміз икемсіз қимылымызбен халықтың көңілін біршама өзгертіп алдық да, оның үстіне жер туралы кодексті кіргіздік. Сонымен қазір мүлдем ыңғайсыз жағдайда отырмыз”, – деп айтқан.

Талқылау