Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстан бабтың мазары еврей елінде де бар

Таяуда теледидардан бір туристік жарнаманы көзім шалып қалды. Израильде ежелгі Иудей патшалығының астанасы Себастияға саяхат ұйымдастырылып тұрады екен. Бағдарламасында Ицхар қаласына, осы қаладағы шейх Салман Фарсидің қорығына және мавзолейіне бару да көрсетіліпті. Бұл жарнама және біраз жылдардан бері естіп, көріп, оқып-түйгендерім осы мақаланың жазылуына түрткі болды.

0_4_arsstan

Қырғызстанға келгенімде мен бірінші танысқан кісілер Жалалабад облысының Базарқорған ауданындағы Арыс­танбаб ауылының түлектері болып шықты. «Арыстанбаб» деген сөз бір жағынан жылы ұшыраса, екінші жағынан менің бұл мәселеге қызы­ғуымды күшейтті, деп жазады Замана газеті.

«Біздің өңірде ерте замандарда Арыстан баб деген  мұсылман дінін дәріп­теген кісі өткен, оның «Салман парсы» деген лақап аты да бар. Сол жердегі тауды Арыстанбаб тауы деп те атайды. Бөктерінде мазары бар. Онда зиярат етушілер еш толастамайды. Ол атса оқ өтпейтін батыр болған. Қайтсе оқ даритынын дұшпандары біліп алып, намаз оқып отырғанда арт­қы жағынан келіп садақпен атыпты. Сол жердегі қаракөк таста тізесінің ізі және аққан қаны қызғылттанып сақталып қалған», – деген еді базарқорғандықтар.

Менің жадыма сонда ауыл (Отырардан 40 шақырым жердегі Қостүйін ауылы) ақсақалдары айтатын әңгіме түс­кен. Оның бір парасы мынадай:

«Арыстан баб қайтыс болғанда: «Бұл кісі біздің адамымыз, сондықтан  сүйегі біздің жерімізге қойылуы керек», – деп қазақ елінен басқа бес мемлекеттен өкіл­дер келіп, қатты талас бо­лады. Сонда бір кісі ақыл айтып, оларды ымыраға келтіреді. Оның кеңесі бо­йынша алты табыт әзірленіп, біреуіне Арыстан бабтың денесін, қалғандарына оның салмағындай заттарды салып, пішіндерін ұқсастырып, қатар-қатар тізіп қояды. Со­сын жиналғандар оқшауырақ шығып, жігіттерден бес-алты топты құрап, әрбір топқа табыттардың орнын ауыстыртады. Ол топтарды бөлек-бөлек ұстайды, бір-біріне жақындаттырмайды. Сөйтіп, Арыстан бабтың қайсы табытта жатқаны ешкімге белгісіз болып қалады.

Табыттың біреуі Арыстан баб дүниеден қайтқан елде қалып, қалған бесеуі бес елге кетеді. Барлығы табыттың бетін ашпауға серттеседі».

Қырғызстанда Арыстан бабтың зираты бар екенін ұққан соң мен аңыздың шындық екеніне сендім және қалған төртеуі қайда екен деп кей-кейде ойлап қоятынмын. 1990 жылдары «Әмір Темірдің аманаты» деген кітаптың өзбекше нұсқасы қолыма тиіп, ежелеп оқып шықтым. Кейін кітаптың қазақша нұсқасы да қолға тиді. Кітапта Әмір Темірдің имам Мұса Қазымның, имам Мұхаммед Накидің және Салман парсының мазарларын күтіп ұстауға Жазаирдан және Мадаин қаласынан түскен салықтардан қаражат бөліп тұруға жарлық шығарғаны жазылыпты.

Әрине, мұнда Салман парсыны айтқанда бір кездері өзі басқарып, ол жерде мұсылман дінін орнатуға күш сал­ған Ирак жеріндегі Мадаин қаласы туралы сөз болуда. Аббас Малики деген ғалымның «Парсының Салманы» деген шағын кітабында: «Дежле (Тигр) өзенінің шығыс жағалауында, Тисфун сарайының шетінде «Пәк Салман» деп аталатын кішкентай қабір жатыр. Бір ғажайыбы – ол Салманның екінші моласы екендігінде», – деп айтылған. Бұл жерде Салман парсының Ирактың Мадаин шаһарындағы мазары жөнінде айтылып тұр.

…Башқұртстанның Бавлы (қазақшасы – Балды, араның балы) ауданында бүгінгі күндері Шайық Дирбеш деген кісінің ұрпақтары  өмір сүріп жатыр. Отбасы шежіресі бойынша, Шайық Дирбеш олардың 15-ші буындағы атасы да, 30-шы буындағы атасы – Салман парсы.

Ұрпақтары өздері бір буынды 28 жыл деп өлшеп, бабалары  Шайық Дирбешті бұдан 420 жыл бұрын өмір сүрген кісі деп есептейді. Қалған 15 буынды сол мөлшермен есептесек, Салман парсы бұдан 840 жыл бұрын, яғни 1170-жылдын арғы жағында өмір сүрген болып шығады.

Шайық Дирбештің ұрпақтарынан болса керек, Лар деген лақап атпен бір қыз ғаламторда осыдан 13 жыл бұрын:  «Мен Салман парсының мазарларын іздеген кезде оның біреу емес, кем дегенде үшеу екенін таптым: Иерусалимде, Бағдадта және Мәдинада. Соңғысында Мұхаммед өмір сүрген», – деп жазып, артқы екеуінің суреттеріне сілтеме жасапты.

Жалпы, Салман парсы Қырғызстанға келгенде Арыс­тан баб деген атқа ие болып үлгерген деген тұжырым жасауға болады. Бұл өңірдегі Арыстан бабқа байланысты атаулар содан кейін пайда болған. Дашман орманы «Арыс­танбаб жаңғақ тоғайы» деп аталса, республикадағы таудан құлаған ең биік сар­қырамалардың бірі де оның есімін иеленген. Осы жерде  XVІ – XVІІІ ғасырларда тұрғызылған «Арыстанбаб» күмбезі Қырғызстандағы тарихи маңызды ескерткіштердің қатарында.

Сонымен, дерек көздері Арыстан бабтың бес жерде мазары бар екендігінен хабар беріп тұр. Біріншісі – Отырар ауданында, екіншісі – Қыр­ғызстанның Базарқорған ау­да­нында, үшіншісі – Бағдад қаласынан бірнеше шақырым қашықтағы Мадаинде, төртін­шісі – Мәдинада. Бесіншісі – Израильде.

Мақаланың кіріспесінде аталған Салман парсының мазары бар Ицхар қаласы – Тель-Авивтен 42 шақырым, Иерусалимнен 43 ша­қырым қашықта орналас­қан, өз діндерін берік тұтқан 110 отбасы мекендеген, кез-келген уақытта кіре беруге болмайтын, мемлекет тарапынан өзгеше мәртебе алған діни қалашық.

Назарбек Байжігітовтің  бұл мақаласы ықшамдалып жарияланып отыр.

Тағы да оқыңыз:

Дінтанушы: Қазіргі сәләфилер – бұрынғы уахабистер. Айтқан сөзіме жауап берем (видео)

ОҚО-дағы ауылда бір отбасы тауық орнына бірнеше тауыс асырап отыр

Тектіден тексіз жасау: Ғалымдардың егеуқұйрықпен жүргізген қызықты зерттеуі

Талқылау