Артур Төлепов: Интернетте бір-бірімізді жерден алып, жерге салуды қашан қоямыз?
Көптен бері интернет беттерінде өзге әріптестері секілді Асылхан Төлеповтың да депутаттыққа сайланып, басқа салаға ауысуды жоспарлайтыны туралы жазылған болатын. Өзінің үгіт-насихат сөзін жазғаны сол еді түрлі пікір жазылып, көбі актердің жас екенін, ел тізгінін ұстауға сай келмейтінін жарыса жазды. Бұл пікірдің барлығына Асылханның бауыры Артур Төлепов жауап берді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ол өзінің инстаграмдағы парақшасында “Кешелі бері бауырым Асылхан жайлы жазылған негативті пікірдерді оқып, көңілім түсті. Туған ағасы болғандықтан, әрине, бұл жайт жүрегімді қынжылтпай қоймайтыны анық. Қаракөз халқым! Бір-бірімізді етектен шалуды, интернетте отырып, жерден алып, жерге салуды қашан қоямыз осы?!” деп көпшілікке ренішін білдірді.
Артынша Абайдың “Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос” сөзін келтіріп, жағадан алып, етектен тартпауға шақырды.
Бұдан өзге халқымыздың тарихта сонау 37-жылдары сталиндік репрессия кездерінде ауызбіршілігі жойылғандықтан, жеңіліс тапқанын, сол жағдайдың әсте қайталанып жатқанын тілге тиек етті.
“Кешегі Сартайдың өзінің ерлігі неге тұрады. Ал бүгіннің “Сартайы” атқа қонса, оған күдікпен қарауымыз қалайша? Бауырымды ел сенімін ақтайтын, аманатқа қиянат қылмайтын, өнер мен қоғамдық қызметті қатар алып жүре алатын азамат ретінде білемін. Қазақтың бір ұлы шыңға шықса, қуанғанымыз дұрыс еді. Қолдағанымыз абзал еді, қазағым!” деп жазылған пікірді оқыған көпшілік сөзінің жаны бар екенін айтса, қалғандары Асылханның депутаттыққа үміткер бола алмайтынын пікірлері арқылы жеткізді.