Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент өкілеттігі тоқтатылса 7 күн ішінде сайлау өткізу туралы шешім қабылданады: Қазақстан конституциясына қандай өзгерістер енгізілмек?

Фото: Stan.kz

Қазақстан Конституциясына қатысты ең маңызды тақырыптар екінші отырыста ортаға салынды. Онда Құрылтайдың шешуші рөлі мен вице-президент институтының енгізілуі саяси жүйені қалай өзгерттетіні туралы айтылды. Бұдан бөлек Stan.kz шолуынша, сөз митинг өткізу қиындай ма, сөз бостандығы сақтала ма, полиция "америкадағыдай" ұстап, Миранда қағидасын қолданысқа енгізе ме, мектептің зайырлылығы қалай бекітіледі және артық жұмысқа тосқауыл қойыла ма деген түйткілдерге келіп тірелді.

"Маңызды тағайындаулар тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге аспақ"

Қазақстанда ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерге сәйкес Қазақстанда биліктің жаңа моделі ұсынылды. Енді президент вице-президентті, премьер-министрді және жоғары лауазымды тұлғаларды Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындайды. Егер Құрылтай екі рет келісім бермесе, президент оны тарата алады. Мұндай жүйе саяси келісімге мәжбүрлеу үшін енгізіліп отыр.

Әділет министрі Ерлан Сарсембаевтің айтуынша, вице-президент саяси бейтарап тұлға. Ол депутат бола алмайды, кәсіпкерлікпен айналыспайды, партия мүшесі емес және басқа ақылы қызмет атқармайды. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаса, елді уақытша вице-президент басқарады. Құрылтай 7 күн ішінде сайлау өткізу туралы шешім қабылдап, сайлау 2 ай ішінде өтуге тиіс. Егер вице-президент өкілеттікті қабылдай алмаса, билік Құрылтай төрағасына, одан кейін премьер-министрге өтеді.

Ұсыныстың түпкі мақсаты президент пен Құрылтай арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, биліктің легитимділігін халық сайлауы арқылы сақтау екен.

Әділет министрі Ерлан Сарсембаевтың айтуынша, егер Құрылтай президент ұсынған кандидатураларды екі рет қолдамаса, мемлекет басшысына Құрылтайды тарату құқығы беріледі. Аталған норма жазалау емес, саяси ымыра мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған алдын алу тетігі ретінде түсіндірілді.

Ал сенатор Нұрлан Бекназаров Құрылтай депутаттары қандай жағдайда мандатынан айырылатынын атап өтті. Шетелге тұрақты көшу, сот үкімі, азаматтықтан айырылу, партиядан шығу немесе партия қызметінің тоқтауы. Депутаттық иммунитет пен мандаттан айыру мәселелері Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде қалмақ.

Бұған дейін Ұлттық құрылтай отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бір палаталы парламентке қатысты өзгерістерді таныстырды. Жұмыс тобы депутаттар санын 500-ге дейін арттыруды ұсынғанымен, соңғы шешім бойынша парламент 5 жылға сайланатын 145 депутаттан тұрады. Жаңа парламентте 8 комитет болады, ал заң қабылдау үдерісі 3 кезең арқылы жүзеге асады.

"Қазақстанда бейбіт шерулер өткізу құқығын қайта қарау ұсынылды"

Конституциялық кеңестің отырысында депутат Никита Шаталов митингілерге рұқсат бермеу негіздерін кеңейтуді ұсынып, заңның маңызын түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, ұлттық қауіпсіздік, конституциялық құрылыс және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қорғау себеп ретінде көрсетілуі мүмкін.

Сонымен қатар сөз бостандығына қосымша шектеулер енгізу қарастырылып отыр. 

Енді митингке:

  • ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді;
  • қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына сай емес десе, рұқсат бермеуі мүмкін.

Бұған қоса, сөз бостандығына да қосымша шектеулер енгізу ұсынылды. Яғни:

  • біреудің ар-намысына тисе;
  • "құндылықтарға" қарсы болса;
  • қоғамдық тәртіпке қауіп төндірсе әрбір азаматы өз сөзі үшін жауап беруіне тура келеді.

"Сіз ешнәрсе айтпауға құқылысыз": Бас прокуратура Миранда ережесін енгізуді қолдады

Қазақстанда азаматтарды ұстау тәртібін "америкалық фильмдердегідей" ету ұсынылды. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық реформа комиссиясының отырысында ұстау сәтінен бастап адамның барлық құқығы міндетті түрде түсіндірілсін деген бастама көтерді.

Айта кетейік, "Миранда ережесі" – алғаш АҚШ-та пайда болған талап. Бұл ереже бойынша полиция адамды ұстамас бұрын оған өз құқықтарын міндетті түрде түсіндіруі керек және айтылған ақпараттың адамға анық, түсінікті жеткенін қадағалауы тиіс.

Қазақстанда осы ереже 2015 жылдан бері бар, бірақ ол тек қылмыстық-процестік істерде ғана қолданылып келген еді. Яғни күнделікті барлық ұстау жағдайында емес, тек қылмыстық іс шеңберінде іске асатын. Ұсынысқа сәйкес, әрбір ұсталған адамға неге бостандығы шектелгені және қандай құқықтары бар екені бірден айтылуға тиіс. Енді полиция адамға үндемеу құқығын, айтқан сөзінің сотта қолданылуы мүмкін екенін және адвокат алу құқығын ескертуге міндетті. Егер қаржысы болмаса, мемлекет адвокат береді.

Сонымен қатар Қазақстанда сотсыз ұстау мерзімін қысқарту мәселесі де талқыланып жатыр. Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев бұл мәселеде асықпау керек екенін айтты. Оның пікірінше, ұстау мерзімін (48 немесе 72 сағат) Конституцияда емес, Қылмыстық-процестік кодексте реттеу тиімді, өйткені мұндай нәрсе заңды икемді етеді.

Дегенмен Жандос Өміралиев “Миранда” қағидасын Конституцияда бекіту қажет деп санайды. Егер адамға өз құқықтары толық түсіндірілмесе, оған қатысты жүргізілген тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуға тиіс. Оның айтуынша, күдікті мәртебесі берілген алғашқы секундтан бастап адвокаттың қатысуы міндетті болуы керек. Себебі көп адам өз құқығын білмейді, ал бұл олардың тағдырына ауыр салдар әкелуі мүмкін.

“Жеке өмір құпиясын бұзғандар 2 жылға сотталуы мүмкін”

Мәжіліс депутаты Қазақстан Конституциясында жеке деректерді қорғауды жеке норма ретінде бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл адамның жеке өмірі, қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін сақтаудың негізгі кепілі. Депутат жеке деректерді заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдалануға, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асатын әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті.

Қазіргі заңнамада деректерді қорғау нормалары бар болғанымен, оны Конституциялық деңгейде бекіту мемлекеттің бұл саланы ең жоғары құндылық ретінде танитынын көрсетеді.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 148-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке өмір құпиясын заңсыз бұзу екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.

Депутат кәсіби құпияларға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында белгілі бір мамандық иелеріне сеніп тапсырылған жеке және отбасылық мәліметтер кәсіби құпия болып саналады. Оларға дәрігерлік, адвокаттық, діни, алдын ала тергеу және нотариалдық құпиялар жатады.

"Білімнің зайырлы сипатын нақты бекітіп алу қажет"

Сонымен қатар екінші кеңесте білімнің зайырлы сипатын нақты бекіту ұсынылды. Конституциялық реформа комиссиясының отырысында жастар кеңесі "Келешек" жетекшісі Гүлзира Атабаева бұл өзгеріс жастар үшін аса маңызды екенін айтты.

Оның айтуынша, мектеп тең мүмкіндік пен өзара құрмет кеңістігі, ал Конституциядағы тікелей норма тәрбие мен білім жүйесіне айқын бағдар береді. Сонымен бірге діннің мемлекеттен бөлінуі де нақты жазылуға тиіс.

Ол шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы және зияткерлік меншікті қорғауды күшейтуді толық қолдайтынын айтты. Қазіргі жастар идеялар мен контент әлемінде өмір сүреді, ал интеллектуалдық еңбекті қорғаусыз ғылым да, мәдениет те, креативті экономика да дамымайды.

Сөз соңында ол Конституцияға заманауи ұғымдарды енгізу цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде елдің интеллектуалдық әлеуетіне салынған инвестиция екенін атап өтті.

"Қазақстанда артық жұмыс істеуге тыйым салу ұсынылды"

Ең қызығы, Қазақстанда артық жұмыс істеуге тыйым салу ұсынылды. Конституциялық реформа комиссиясының отырысында Әбілғазы Құсайынов шамадан тыс еңбек отбасы институтын әлсіретіп, демографияға кері әсер ететінін айтты. Оның пікірінше, тұрақсыз әрі ұзақ жұмыс кестесі адамдарды отбасымен бірге уақыт өткізу мүмкіндігінен айырады. Осылайша, ортақ дәстүрлер жойылып, ерлі-зайыптылар бір-бірінен алшақтайды, ал бұл туу көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі.

артық жұмыс және отбасыФото: freepik.com

Құсайынов осы тұрғыда Конституцияның 24-бабы маңызды екенін атап өтті. Демалысқа құқық, жұмыс уақытының шегі, мереке күндері мен ақылы еңбек демалысы нақты сақталуы тиіс. Оның айтуынша, бұл нормалар қазіргі заман талабына сай және жүйелі түрде орындалуы қажет.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 14:12