Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АрселорМиттал" жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған": Депутаттар ірі компанияларды тексеруге жарияланған мораторийді алып тастауды талап етті

 АрселорМиттал жылына 200 млрд теңгеден астам табыс тауып отырған. Мәжіліс депутаты Арман Қалықов “Костенко" шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Парламент мәжілісінің атынан депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 шахта

“Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің атынан әрбір отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жағдай "Казахстанская" шахтасындағы апаттан 2 ай өткеннен кейін болып отыр. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын”, – деді Қалықов.

Арман Қалықов атап өткендей, осындай жазатайым оқиғалардың барлығы компанияның осы жылдар бойы, шын мәнінде, қазақстандық кеншілердің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапқанын көрсетуде. Өйткені "АрселорМиттал" бәрінен үнемдеген.

“Соңғы төрт жылдағы ресми мәліметтер бойынша бұл компания жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған. Оның басым бөлігін шетелге шығарған. Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген”, – деп атап өтті мәжілісмен.

Қалықов биылдың өзінде екі апаттық жағдай болғанын және компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапқанын ашып айтты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ депутат президенттің "АрселорМитталмен" ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімі дұрыс дейді.

“Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-шы жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырлыққа шақырғым келеді", – деді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Сондай-ақ, осы кәсіпорынды өз бетінше дамытуға әлеуеті жететін кәсіби кадрларымыздың жеткілікті екенін атап өтті. 

"Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинатының стратегиялық объектілер екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамдарымыздың тағдыры солармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді. Алдағы уақытта әрбір жұмыскердің өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылады. Бұл қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсартуы керек, олар шахтаға соңғы рет деп түспеуі керек. Кеншілер мен олардың отбасылары ертеңгі күнге сеніммен қарауы керек", – деді ол.

Депутат әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, үкіметке жібергенін мәлімдеді. Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылғанын айтты. 

"Өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық. Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек.Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді. Біз қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені шешудің маңыздылығын атап өткен болатын", – деді мәжілісмен.

Депутат атағандай, кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру – бұл жеке дара мәселе.

"Сөзімді аяқтай отырып, мен қаза тапқан барлық отандастарымыз біздің есімізде мәңгі сақталады дегім келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша әр отбасы мен олардың балалары барлық қажетті көмекті қажетінше алады. Барлық қаза болғандарды ұмытпаудың ең жақсы жолы – өндірістерді қауіпсіз ету. Әрбір кенші бүгін үйіне, өз отбасына аман-есен және дені сау болып оралатынын білуі керек", –деді Қалықов барша депутат атынан.

Талқылау