"АрселорМиттал Теміртау" жаңа басшысы меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін жеткізді
"АрселорМиттал Теміртау" жаңа басшысы Вадим Басин меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Оның айтуынша, төлем шарттары мен әлеуметтік кепілдіктер өзгеріссіз қалады. Кеніштерде бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігі жақсарады.
"Бұл компанияның жұмысын жалғастыру және әлеуметтік жауапкершілікті сезіну үшін қажетті шарт. Команданың бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды және олардың құқықтары нашарламайды", – деді Вадим Басин.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болып, бастапқыда төрт адамның қаза тапқаны хабарланды.
Кенішке иелік ететін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы апат кезінде шахтада 252 адам болғанын, 205 кенші жер бетіне шығарылғанын хабарлады.
Кеншілер қазасына байланысты 29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Үкімет “АрселорМиттал Теміртау” АҚ акционерлерімен компанияны мемлекет меншігіне қайтару туралы алдын ала келісімшарт жасасқан еді.