"АрселорМиттал Теміртау" АҚ жас экологтарға қолдау көрсетті
Теміртауда "Балалар мен климат" ХХ облыстық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Экологиялық бағыттағы іс-шараға "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қаржылай қолдау көрсетті.
22 сәуірде Дүниежүзілік Жер күніне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. №16 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратына жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің, сондай-ақ Қарағанды облысының мамандандырылған мектеп-интернаттарының оқушылары мен педагогтары жиналды. Іс-шараның мақсаты – климатты ластауға қарсы күрес шаралары туралы айту.
“Бүгін біз үшін нағыз мереке, өйткені іс-шарамызды Теміртау қаласының әкімі Ораз Таурбеков, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Владимир Яблонский, сондай-ақ "Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы" ММ қолдады. Бірінші рет қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, бизнес өкілдері мен атқарушы билік бірігіп, Жер күнін атап өтуде”, – деді "Отражение" оқыту ұйымының басшысы, конференция ұйымдастырушысы, Елена Варганова.
Ашылу салтанатында қала басшысы Ораз Таурбеков сөз сөйледі.
“Конференцияның ұраны – "Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста". Бұл принцип барлық жерде өзекті. Балалық шақтағы әндерді еске алайық: "Бірге қадам басу қызықтырақ". Қайырмасында мынадай сөздер болған: “Бір рет тақта, екі тақта – баспалдақ"," бір тамшы, екі тамшы - көл". Демек, ұлы істердің бәрі кішкентай қадамнан басталады. Сіздердің істеп жатқандарыңыз өте қайырымды және өзекті іс. Экологияны жақсарту үшін еңбек етіп жүрген адамдар расында өте маңызды іспен айналысып жүр. Экология дегеніміз не? Экология – бізді қоршаған ортаның бәрі. Әрқайсымыз, эколог болмасақ та, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қоса аламыз. Шын жүректен сәттілік тілеймін!”, – деді әкім.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшылары ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Компанияның бас директоры Владимир Яблонский осындай экологиялық іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
“Егер "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны туралы айтатын болсақ, 30 жыл бұрын зиян қалдықтар мөлшері шамамен 650 000 тонна еді. Қазір ол шамамен үш есеге қысқарды және бұл үрдіс жалғасын табады. Біз газ тазарту жүйелерін жаңартып, технологияларды өзгертеміз, жаңа жабдықтарды орнатып отырамыз. Соған қарамастан неге экологиялық мәселе өзектілігін жоғалтпай отыр? 30 жыл ішінде автокөліктердің саны бірнеше есе өскен. Сонымен қатар пешті жылыту да бар. Дәл қазір әкімдік көмір пайдаланатын үйлерді газдандырумен айналысуда. Сондай-ақ бірнеше мәрте сенбіліктер өткізілгені жөн, өйткені қаланың іші қоқысқа толы, табиғи полигондар бар. Әрине, мәдениет қалыптастыру қажет. Бұл үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Осындай конференциялар жағдайды өзгерте алатынымызға сенімділік береді. Сіздерге көп рахмет!, – деді Владимир Иванович.
Конференция барысында оқушылар мен педагогтар экологиялық жобаларды қорғады. Ұйымдастырушының айтуынша, ең үздік жұмыстарға алғаш рет бағалы сыйлықтар табысталды. 1 орын иегерлері жүлде сыйлығын иеленді. Іс-шараға "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қаржылай қолдау көрсетті.
Экожобаларды ұсынумен қатар, мектеп қабырғасында Эко зертханалар көрмесі болды. Оқушылар конференция қатысушылары мен қонақтарға арнайы құрылғылар мен жабдықтарсыз экологиялық таза өмір сүруді көрсетті. Сондай-ақ мектеп қызметкерлері әзірлеген әдістемелік әдебиеттері ұсынылды. Көрмеге келгендер қайта өңделген қағаз, пластикалық бөтелкелерден жасалған бұйымдармен таныса алды. Іс-шара аясында қайта өңделген қағаздан интерьер заттар дайындау және қалдық материалдан термос жасау бойынша екі мастер-класс ұйымдастырылды.