Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"iPhone 14 Pro смартфоны мен тәж дулыға": "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "Шебер әйел" байқауын ұйымдастырды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да "Шебер әйел" байқауының финалы өтті.

Мерекелік шараның ашылуында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Владимир Яблонский сөз сөйледі. Ол әйелдердің жұмыста да, үйде де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

“Металлургия өндірісі – бұл негізінен ер адамдар айналысатын ауыр жұмыс. Дегенмен, біздің зауытта көптеген әйелдер жұмыс істейді. Біз үшін сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, осы мерекені әсерлі өткізу өте маңызды. Бүгінгі байқау мен мерекелік концерт барлық қыз-келіншектерге керемет көңіл-күй сыйлайтынына сенімдімін. Мереке құтты болсын”, – деді бас директор.

Компания қызметкерлері бір ай ішінде байқауға қатысуға өтінімдерін бейнеролик түрінде жіберген. Бірінші турдың қорытындысы бойынша болат және көмір департаменттерінің, сондай-ақ "АрселорМиттал Теміртау" АҚ еншілес компанияларының атынан 10 қызметкер финалға шықты.

Осылайша финал 3 наурыз күні Теміртаудағы мәдениет сарайының сахнасында өтті. Бас жүлде үшін iPhone 14 Pro және жауһар тастармен көмкерілген тәж дулыға ұсынылды. Тартысты додада әрбір финалисттің өнері нағыз шоуға айналды.

Шара басталғаннан-ақ бейне таныстыру залдағы көрермендердің ерекше назарына ілінді. Ал дефиледен кейін көрермендер қатысушыларға тұрып қошемет көрсетті.

Әрбір шығармашылық нөмір жоғары бағаға лайық болды. Қатысушылар ән, өлең шумақтарын айтып, би мен театрландырылған көріністер қойды.

Сайыстың тағы бір бөлімінде қатысушыларға арнайы формалардың түрлерін ажырату тапсырмасы берілді. Олар ұсынылған формаларға қарап, мамандық өкілін дұрыс табуы керек болды.

Қызу да қызықты сайыстан соң, құрамында компания бөлімшелерінің өкілдері бар қазылар алқасы кеңесу бөлмесіне аттанды.

Бұл кезде қатысушылар мен залда жиналған көрермендерді тағы бір тосын сый күтіп тұрды. Қазақстан эстрадасының жұлдыздары MACHENSKII мен Нұрлан Абдуллин сүйкімді аруларды мерекемен құттықтауға келді.

Кейін қазылар алқасы "Шебер әйел" байқауының қорытындысын жариялады.
Нәтижесінде жеңімпаздар:

  • "Өркен-Атаңсор" диспетчері Сара Нұрмағамбетова,
  • Көмір департаментінің "Энергоуголь" өндіріс басқармасы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі маманы Калкенова Лаура,
  • металлургия басқармасының ЖЭО-2 реагенттер қоймасының операторы Кристина Голубева атанды.

Барлық жеңімпаздар әсем тәж дулыға мен iPhone 14 Pro смартфоны табыс етілді.

“Мен бала кезімнен өнер көрсеткенді ұнатамын. Мектепте, колледжде, жұмыста, барлық іс-шараларға белсене қатыстым. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының байқау өткізіп жатқанын көріп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Алғашында финалист ондыққа еніп, Теміртауға келгеніме қуандым. Мен жеңісті мүлде күтпедім, бірақ өте қуаныштымын. Осындай байқау үшін ұйымдастырушыларға рахмет!”- деді жеңімпаз Сара Нұрмағамбетова.

Тағы бір жеңімпаз Лаура Қалкенова өзінің жеңіске 100% да сенімді болмағанын айтты.

“Компанияға байқауға қатысып, жеңіске жету мүмкіндігін сыйлағаны үшін алғыс айтқым келеді. Ұйымдастырушыларға және маған көмектескендердің барлығына рахмет. Көптен бері сезінбеген эмоциялар үшін алғыс айтамын. Соңғы рет 10 жыл бұрын билегенмін. Жеңісіме өте қуаныштымын, Баршаңызға мереке құтты болсын!” - деді Лаура Қалкенова.

"Шебер әйел" байқауының барлық қатысушылары құр қол қалмады. Жүлде алмаған финалистерге де тамаша сыйлықтар ұсынылды. Атап айтқанда French House, элиталық косметика және парфюмерия дүкенінің сертификаттары табыс етілді.

Бұл тек "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қызметкерлері үшін ғана емес, сонымен қатар металлургтер қаласының барлық тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мерекелік кеш болды.